«Бизнес бастау» мемлекеттік бағдарламасы аясында 12 ана грант иегері атанды

Oinet.kz 05-11-2022 585

image.png

Үшінші мегаполистегі «Бақытты жанұя» орталығы» нәзік жандыларға кәсіп үйретіп, өз бизнесін өркендетуге жол ашып жүр. Орталықтың көмегіне жүгініп келгендердің бірі қала тұрғыны -  Ұлмекен Жұмалиева. Төрт баланың анасы. Айтуынша, қазіргі уақытта еш жерде жұмыс істемейді. Осында атаулы әлеуметтік көмек бойынша азық-түлік алуға құжаттарын рәсімдеуге келгенде көпбалалы аналарға көрсетілетін қызмет түрлерін естіп білген. 

– Бес күннен бері биыл 6 жасқа толатын қызымды логопедке әкеліп жүрмін. Көрсетілетін қызметі тегін екен. Осы жағы мені ерекше қуандырып отыр. Бұл орталықта мұндай тегін қызмет түрлері бар екенін білмеппін. Дереу құрбыларыма хабарласып, жағымды жаңалықпен бөлістім. Олар да бұл жаңалығымды қуана қабылдап, қазір осы жерге балаларын әкеліп мамандарға көрсетіп, өздері де қосымша курстарға жазылып қойды. Курс демекші, мұнда меникюр-педикюр кәсібіне үйрететін тегін курс бар екен. Соған жазылдым. Енді сабақ басталса, барып оқимын. Жұбайым да тұрақты еш жерде істемейді. Арасында құрылысқа шығып, тиын-тебен тауып келеді. Негізгі мамандығым бастауыш пәнінің мұғалімі. Бірақ бұл мамандық бойынша бұрын жұмыс істеген емеспін. Мені қызықтырып отырғаны қаздардың тырнағын әрлеуші мамандық. Ол шынымен де бүгінгі нарықта өте сұранысқа ие мамандық. Естуімше, маникюр жасайтындардың ең төменгі қызмет ақысының өзі 5 мың теңгеден басталатын көрінеді. Енді соның оқуын оқып алып, өзім үйден кішігірім салон ашып, жеке кәсібімді бастағым келеді. Жалпы мемлекеттің біз секілді әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға қарайласып, қолына сертификат алуына, бір кәсіпті меңгеріп шығуына жағдай жасап жатқанына рахмет. «Қыбырлаған қыр асар» демекші, бір пайдалы іспен шұғылдансақ, әйтеуір отбасын асырауға, бала-шағаның киімі мен тамағын тауып беруге ол да болса сеп. Қашанғы үкіметтің аузына қарап алақан жайып отыра береміз, жергілікті әкімдік бар мүмкіндікті беріп тұрғанда соны барынша пайдаланып, неге өзімізше әрекет етуге, табысты кәсіпті бастауға ұмтылып көрмеске, - дейді көпбалалы ана. 

Айта кетейік, мекеме жалпы 20 бағыт бойынша қызмет алушыларға көмек көрсетсе, биыл жыл басынан қысқа мерзімді тегін оқу курстарынан 550-ден аса ана өткен.  Ал «Бизнес бастау» мемлекеттік бағдарламасы аясында 12 әйел грант иегері атанған.

Курстан өтіп, бизнесін ашқан нәзік жандылар көп
Орталықтан бақытын тапқан Еркінай
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу