Курстан өтіп, бизнесін ашқан нәзік жандылар көп
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың пәрменімен аналардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, осы өзекті мәселені тек сырттай ғана шешуге тырыспай, оның ішкі орамдарына да үңіле отырып дұрыс жолдарын таңдау жақтары күн тәртібіне қойылып, бұл бойынша нақты істер қолға алынған болатын. Осылайша республиканың ірі қалалары мен өңірлерімен бірге Шымкентте де қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Бақытты жанұя» орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды.
Қазіргі таңда мұнда 31 штаттық бірлік бойынша мамандар жұмыс істеуде. Әлеуметтік аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасы, қиын жағдайға тап болған, отбасындағы өзекті мәселердің алдын алу мақсатында жұмысын бастаған орталық мамандарының ішінде психолог, медиатор, заңгер және әлеуметтік сарапшылар бар. Олар халыққа жоғарыда аталған мәселелер бойынша жан-жақты қызмет көрсетеді.
Әлеуметтік санатқа жататын аналардың тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында үйде отырып-ақ табыс тауып, өз кәсібін игеруге қолдау көрсету үшін орталықта 438 әйелге тегін оқу курстары ұйымдастырылған. Оқу курсынан өткендердің жұмыстарына әрі қарай талдау жасалып, мамандар өз тараптарынан көмектер көрсетеді. Бүгінгі таңда оқуының жемісін көріп жүрген 176 ана бар. Оның ішінде 35-і орталықпен белсенді жұмыс істейді. Мәселен, кондитерлік курсынан өткен 2 ана «Айжамал» кондитерлік дүкенінде нәпақасын тауып жүр. Бұған қосымша 3 ана тәттілер пісіріп, тапсырыс қабылдап, жап-жақсы табыс табуда. Массаж курсын тәмамдаған 12 келіншек ақылы негізде балаларға массаж жасайтын маман атанды. Шаштараз курсынан бітірген әйел сұлулық салонының бір бұрышын жалға алып істеуде. Тігін курсынан сертификат алып шыққан 3 әйел үй жағдайында тапсырыс қабылдап, тігіс тігетін болған. SMM мамандығын меңгерген 8 ана жеке парақшаларында өз бизнесін дамытып отыр. Маникюр-педикюрдің қыр-сырын үйренген 2 әйел сән-салонынан бір орынды жалға алып жұмыс істесе, үшеуі үйден пайда тауып отырған көрінеді. Осылайша аналарға әлеуметтік, психология, медициналық және заңгерлік көмек көрсетіп отырған орталық қыз-келіншектерге кәсіп үйретіп, қаланың кәсіпкер әйелдер санын ұлғайтуға өз үлес қосып келеді.