«Назардың» кілемдері назар аудартпай қоймайды
Бұрын Қазақстан азаматтары сапалы кілемдерді Иран, Бельгия секілді мемлекеттерден алатын еді. Бұл елден келетін кілемдерге деген таңданыс өте жоғары болатын. Бүгінде шетел кілемдеріне деген сұраныс азайған. Себебі сапалы кілемдер өз елімізде тоқылатын болды. Халықты сапалы кілеммен қамтамасыз етіп жатқан кәсіпорындардың бірі - "Назар Текстиль". Шымкентте орналасқан бұл кәсіпорын республикаға түрлі кілемдерін үздіксіз жөнелтілуде. Бүгінде кәсіпорын кең қанат жайып келеді.
Кілем сату ісін бүге-шігесіне дейін меңгерген «Назар-Текстиль» ЖШС бас директоры Аятулла Айымбетов уақыт өте келе кілем сату ғана емес, оны Қазақстанда тоқып шығару өндірісіне де көңіл бөле бастайды. Бұл ойы 2014 жылы нәтиже беріп, 24 желтоқсан күні Шымкент қаласының «Оңтүстік» экономикалық аймағынан «Назар-Текстиль» кілем тоқу фабрикасын ашады.
Әу баста 300 адамды жұмыспен қамтуды көздеген фабрикада бүгінде 120 адам қызмет етуде. Жылына 3 миллион шаршы метр кілем өндіруге қауқарлы.
– Кілем тоқу станоктарын Бельгияның «VanDeWiele» компаниясынан алуға тапсырыс бердік. Өйткені, компанияның техникасы сапа жағынан әлемдік көрсеткіште көш бастап тұр. Олар техниканы 100% өздері жасайды, – дейді фабриканың заңгері Мақсат Бақытжанұлы.
3 ауысыммен жұмыс істейтін мекеме ай сайын 105 мың шаршы метр шамасында кілем тоқып шығарады. Станоктар толық іске қосылмағанның өзінде жылына 2 млн м2 кілем тоқылуда.
«Оңтүстік» экономикалық аймаққа енген «Назар-Текстиль» кілем тоқу фабрикасына мемлекет тарапынан салық төлеу, шетелден шикізатты жеткізу, коммуналдық қызмет ақысын төлеу бойынша түрлі жеңілдіктер қарастырылған.
Қазақы нақышта тоқылған кілемдерге қай кезде де сұраныс бар көрінеді. Отандық өнімді қолдаушылардан бөлек, оюлы кілемге шетелден де тапсырыс көптеп түскен. Ертегі кейіпкерлері бейнелеген кілемдерге де сұраныс көп.
Тоқыма жібі – мұнайдан өңделіп алынған полипропилен заманауи синтетикалық өнім. Тұтас әрі жұмсақ. Бұл шикізаттың түсі өзгермейді, бояуы ұзақ уақытқа сақталады. Сыртқы лас, қоқыс атаулы кілемнің жібіне сіңбейді, жуғанда тез тазарады. «Назар-Текстиль» кілемдері төрт түрлі сапамен сатылымға шығады. «Түркістан», «Авангард», «Омега» және «Бейбарыс». «Омега» мен «Бейбарыс» сериясының сапасы жоғары, қалың әрі сатылымда сұраныс зор.