Шымкенттің дизельді генераторлары Өзбекстанға экспортталады

Oinet.kz 04-11-2022 815

image.png

Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерлік жоғары қарқынмен дамып келеді. Қалада кәсіпкерлер көбейіп, бюджетке түсетін салық көлемі де артқан. Дегенмен шағын және орта кәсіпкерлік бүкіл экономиканың драйвері бола алмайды. Жүздеген адамды жұмыспен қамтып, өнім шығаратын кәсіпорындар көбейгенде ғана ел экономикасы қарыштап дамиды. Сондықтан да ірі өнеркәсіп орындарын салу өте маңызды. Бұл қазіргі таңда кезек күттірмейтін жұмыс. Осы орайда кәсіпорын салуға мемлекет тарапынан көптеген көмектер көрсетілуде.

Бүгінде Шымкентте индустриалды аймақтар құрылып, онда бірнеше кәсіпорындар жұмыс істеуде. Сонымен қатар, жобада тұрған кәсіпорындар да аз емес. "Тассай" индустриалды аймағында «New technology Ltd» ЖШС дизель генератор зауытын іске қосылған.  Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, дизель генератор зауытын салуға "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы аясында Тассай индустриалды аймақ аумағынан жер учаскесі бөлінген. Тиісті құжттар рәсімделіп, ЖШС-ға зауыт салуға бар мүмкіндік пен жеңілдік қарастырылған. Кәсіпорында  жылына 300 дана дизельді генератор өндіріледі. Жоба 2018-2020 жылдары жүзеге асқан. Құны – 300 миллион теңге. Қазір мұнда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.  Өнімнің 70 пайызы – ішкі нарықта саудаланса, қалған 30 пайызы Өзбекстан еліне экспортталады. Кәсіпорында альтернатор, дизельді қозғалтқыш, металл, поролон, шланг секілді қосалқы бөлшектер де өндіріледі. 

Айта кетейік, «Тассай» индустриалды аймағы Шымкент қаласындағы кәсіпкерлік салаға тың серпін беріп, жаңа кәсіпорындардың көптеп құрылуына мұрындық болып отыр. Сөз жоқ, саладағы маңызы зор орталықтың жұмысы әкімдіктің бақылауында. Қазіргі кезде “Тассай” индустриалды аймағының аумағы 100 пайыз қамтылған. Осы кезге дейін 20 жобаны іске қосылып, нәтижесінде 1500 адам жұмысқа орналасқан. Жыл соңына дейін тағы 8 нысан іске қосылса, 885 жұмыс орны ашылады деген сөз. Ал, жалпы қаладағы индустриалды аймақтарда 40 жоба арқылы 2587 адамды жұмыспен қамту көзделген. «Тассай» аймағы жұмыс істеудің барлық кезеңінде 4,6 миллиард теңге салық төлеген.

Қорғасын мен мыс өндіреді
«Назардың» кілемдері назар аудартпай қоймайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу