Бөдене асырап, кәсіп бастаған
Шымкент тұрғыны Абзал Тұрлыбеков ерекше кәсіппен айналысады. Ол бүгінде сирек кездесетін бөдене шаруашылығын дамытып отыр. Жас маман «Бастау Бизнес» курсын аяқтап, бизнес-жоспар қорғау арқылы ақшалай грант алған.
«Үлкен кісілерден бөдененің жұмыртқасы пайдалы дегенді жиі еститінмін. Кәсіп ашуды ойлап жүргенімде осы бөдене асырауды, жұмыртқасын өндіруді неге қолға алмасқа деп кірісіп кеттім. Курсты аяқтап, бизнес жобамды қорғап, грантты ұтып алған соң, бөденелерге арналған торларды сатып алдым. Қазір 150-ден астам бөденем бар. Бөдене жұмыртқасының адам денсаулығына пайдасы көл-көсір. Мәселен сарыауру, астма, бронх демікпесі т.б. Бөдененің жұмыртқасы ғана емес, сонымен қатар еті де пайдалы. Ертеде ата-бабамыз көптенен ауруларға осы бөдененің етін қолданған», – деп бөлісті Абзал Тұрлыбеков.
Кәсіпкер бөденің жұмыртқасына сұраныс жақсы дейді. Бірқатар дүкен мен ресторандарға өткізетін көрінеді.
Ерекше бизнестің иесі өзі секілді жастарға, тұрғындарға кәсіп ашуға демеу болған мемлекеттік бағдарламадарға және бизнесті бастауға бағыт-бағдар берген мамандарға алғысын жеткізді. "Әркім қолынан келетін істі әрі қарай жетілдіріп, отбасын асырап, тіпті ел экономикасының дамуына септігін тигізіп жатса сол бақыт емес пе?" дейді Абзал.
Сала мамандарының айтуынша грант алуға 29-ға толмаған жастар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, қандас статусын алған бауырларымыз, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы мүшелері өтініш беруіне болады. Биыл грантқа өтініш берудің ерекшелігі бар. Кәсіпкерлік порталына кіріп, ЭЦҚ арқылы өтініш жібере алады. Осы порталға кіріп, өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін терсе, барлық салалар мен интеграциясы болған соң ол азаматтың жоғарыда атаған санатқа сәйкес келетін немесе келмейтінін шығарып береді. Егер сай келсе, ол азамат алдымен бизнес жоспарын жазады. Бұл жобаны қарайтын арнайы комиссия құрылған. Ол комиссия құрамында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасынан да, орталықтан да бір де бір адам жоқ. Комиссия кәсіпкерлер, депутаттар, кәсіподақ мүшелерінен құрылған. Биыл 1 150 азаматқа грант беруге қаражат қаралған. Былтыр мемлекеттік бағдарлама аясында 750-ге жуық грант берілген. Оның 200-і тек жастарға үлестірілген.