Сүйікті ісін табыс көзіне айналдырған келіншек

Oinet.kz 04-11-2022 808

image.png

Шымқала кәсіпкерлер үшін қолайлы мекен. Мұнда бизнес бастаушыларға бағыт-бағдар беріліп, мемлекет тарапынан үлкен қолдаулар көрсетіліп келеді.  Кәсіпкерлік саласына жасалынып отырған қамқорлықтың арқасында өз кәсібін ашқан жанның бірі Фатима Байтамаева. Қала тұрғыны бизнесін 2019 жылы бастаған. Мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан ол өз хоббиін кәсіпке айналдыра білді.

"Мүгедектігіме байланысты алатын жәрдемақым көп емес. Сондықтан бір іс бастағым келді. Нақты шешімге келгесін қала әкімінің қабылдауына кіріп, өз ойымды жеткіздім. Нәтижесінде мені "Атамекен" ҰКП оқыту курсына жіберді. Анар Сәрсенова деген бизнес-тренерден тәлім алып шықтым. Оқу кезінде мен жеміс-жидектерді консервілеу бағытында цех ашамын деп шештім. Бұл  менің бұрыннан сүйікті ісім болатын. Қазақта "көңіліңе жаққан іспен шұғылдан" деп берек айтпайды ғой. Қазір бұл шешіміме еш өкінген емеспін. Бизнесім бүгінде менің табыс көзіме айналды",- дейді кәсіпкер. 

Фатима Байтамаеваны қанаттандырған мемлекеттік грантқа қол жеткізуі болды. "Бизнес жобамды қорғаған соң 200 АЕК грант ұтып алдым. Ол қаражатқа қажетті құрыл-жабдық, аппараттар сатып алдым. Қазір бизнесім бір ізге түсті, табысым да жақсы. Тіпті карантинде кедергі болған жоқ. Жұмыспен қамту орталығы маған екі көмекші жіберді",- дейді ол. 

Айта кетейік, грант алуға 29-ға толмаған жастар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, қандас статусын алған бауырларымыз, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы мүшелері өтініш беруіне болады. Биыл грантқа өтініш берудің ерекшелігі бар. Кәсіпкерлік порталына кіріп, ЭЦҚ арқылы өтініш жібере алады. Осы порталға кіріп, өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін терсе, барлық салалар мен интеграциясы болған соң ол азаматтың жоғарыда атаған санатқа сәйкес келетін немесе келмейтінін шығарып береді. Егер сай келсе, ол азамат алдымен бизнес жоспарын жазады. Бұл жобаны қарайтын арнайы комиссия құрылған. Ол комиссия құрамында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасынан да, орталықтан да бір де бір адам жоқ. Комиссия кәсіпкерлер, депутаттар, кәсіподақ мүшелерінен құрылған. Биыл 1 150 азаматқа грант беруге қаражат қаралған.  Былтыр мемлекеттік бағдарлама аясында 750-ге жуық грант берілген. Оның 200-і тек жастарға үлестірілген.

Физика-математика бағытын тереңдетіп оқытады
Бөдене асырап, кәсіп бастаған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу