Кәсіпкердің құқығы барынша қорғалады

Oinet.kz 02-11-2022 341

image.png

Президенттің Жарлығына сәйкес, 2017 жылдан бері өңірлердің бизнесті жүргізу бойынша рейтингісі іске асырылып келеді. Рейтингте өңірлердің 13 статистикалық көрсеткіші ескеріледі. Бұл олардың шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына қаншалықты жағдай жасағандығын айқындап береді. Рейтингті қорытындылау барысында бизнесті бағалау бойынша кәсіпкерлерден сауалнама да алынады. Сонымен статистикалық және сауалнамалық көрсеткіштер бойынша Шымкент қаласы 2021 жылы рейтингтің алғашқы үштігіне  жайғасты.

2020 жылы қала рейтингтің 9 сатысында болған екен. Былтыр 7 сала бойынша статистикалық көрсеткішін жақсартып, жоғары динамикалық өсім байқатқан. Дей тұрғанмен, үшінші мегаполис шағын және орта кәсіпкерлікпен шұғылданушылар мен бизнес нысандарының саны, кәсіпкерлікке көрсетілетін мемлекеттік қолдаулардың көлемі және жобалардың саны бойынша бірінші орында тұр.

–«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басты атқаратын қызметі бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғау болып саналады. Кәсіпкерлік субъектілерінің заңдық мүдделерін қорғау жолында өңірлік палата тарапынан үздіксіз жұмыстар атқарылып келеді. 2021 жылы бизнесті қорғау бойынша палатаға 2002 өтініш түскен. 121-і бизнес өкілдерінің пайдасына шешілді. Ол қаралған жалпы шағымның 60 % құрайды. Қорғалған құқықтардың жалпы сомасы 4,8 млрд теңге. Бұл негізінен мемлекеттік сатып алу келісімшартындағы қарыздар, әртүрлі айыппұл санкциялары және жетпей қалған табыстар, - деді кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев.

Жауапты басшысының айтуынша, 2021 жылы кеңестің 12 отырысы өткен. Онда кәсіпкерлерге қатысты мемлекеттік сатып алу, сәулет және жер қатынастары, мониторингтік топтардың іс-әрекеті, салық салу, білім беру мекемелерінде балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету, жол құрылысы т.б әкімшілік кедергілер бойынша мәселелер қаралған. Кеңес қарауына түскен мәселелердің 90 пайызы өзінің оң шешімін тапса, 4 лауазымды тұлға кәсіпкерліктің дамуына кедергі жасағаны үшін  жауапкершілікке тартылыпты.

Биыл Кеңестің 3 отырысы өтті. Басқосуда негізінен газ тарту, шағын және орта кәсіпкерлікті инфрақұрылыммен қамту, жол жүру ережесі белгілерін реттеу, шаруа қожалықтарын ағын сумен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы жерлерінің салығы секілді мәселелер күн тәртібіне шығарылды.

«Химфарм» зауыты өнімдер портфелін кеңейтіп отыр
Индустриялды аймақтар – қаланың кәсіпкерлігін өрге сүйреуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу