«Химфарм» зауыты өнімдер портфелін кеңейтіп отыр
Шымкент қаласындағы «Химфарм» зауыты отандық дәрі-дәрмектердің ірі өндірушісі болып табылады. Десек те Қ.Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлуді, отандық дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтың үлесін бүгінгі 17 пайыздан 50 пайызға жеткізуді тапсырды.
Бұл тапсырма «Химфарм» АҚ ұжымы жұмысты жаңдандыра түсу керек деп қабылдауда. Қарқынды жұмыс, межеге алып жетері анық. Бүгінде кәсіпорын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде «Самұрық-Қазына Фармация» ЖШС сатып алатын дәрілік заттардың жалпы көлемінің үштен бірін өндіреді. Кәсіпорынның өнімдері Santo сауда маркасымен шығарылады.
Santo-ның өндірістік қуаты жыл сайын 193,8 млн. инъекциялық ампулалар, 2,6 млн. инфузия флакондарын, 7,7 млн. стерильденбеген сұйық пероральді дәрілік заттар флакондарын, 35,4 млн. цефалоспортин қатарындағы антибиотиктер флакондарын, 14 млн. пенема/мицин қатарындағы антибиотиктер флакондарын, тікелей престеу әдісімен 518 млн. таблетка және ылғалды түйіршіктеу әдісімен 135 тонна таблетка массасын өндіруге мүмкіндік береді.
«Химфарм» АҚ компаниясының өндірістік қуаты итальяндық, неміс, оңтүстік кореялық және басқа да халықаралық өндірушілердің деңгейіне сәйкес келеді. Компания жыл сайын шығарылатын өнімдер портфелін кеңейтіп отырады. Олардың басым бөлігі инъекциялық, инфузиялық ерітінділер және таблетка түрінде шығарылады. Santo компаниясының портфелінде терапияның әртүрлі салаларында ауруларды емдеуге арналған 12 фармакотерапиялық топтардағы 240-тан астам генерикалық препараттардан тұрады.
Сондай-ақ, зауыт қазіргі күні Шымкент қаласында тұратын 1 мыңға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Компания GMP халықаралық стандарттарына сәйкес жұмыс істеп тұрған фармацевтикалық өндірістерді жаңғырту бойынша аса ірі инвестициялық жобаны іске асыруда. 2023 жылға дейінгі инвестициялық бағдарламаның көлемі 120 миллион АҚШ долларынан астам соманы құрайды. Қазірге дейін игерілгені 97 млн. АҚШ доллар. Компания өнімдерін Ресей, Украина, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Түркменстан, Тәжікстан сынды 7 елдің нарықтарына экспорттайды және ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.