Индустриялды аймақтар – қаланың кәсіпкерлігін өрге сүйреуде
Шымкент қаласында төртінші индустриалды аймақ ашылады. «Стандарт» жеке индустриалды аймағы деп аталатын бұл кешенде шағын және орта бизнес субъектілері шоғырланады деп жоспарлануда. Заманауи қоймалар, шағын өндірістік цехтар ашылады. Аймақта 180 миллиард теңгені құрайтын 30 жоба іске асып, 4,5 мың адам жұмыспен қамтылуы көзделген.
Айта кету керек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру – жай қажеттілік қана емес. Біз үшін бұдан басқа жол жоқ. Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану. Осы саладағы табыстарымызға қарамастан, ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін әлі де болса толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз. Өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығы шетелден әкелінеді. Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды» деп атап өтті.
Индустрияландыру бағдарламасының қабылданғанына да он бір жылдан асып барады. Үкіметтің соңғы он жылдан бері индустрияландыру саясатына баса көңіл бөліп жатқандығын айта кету керек. Олай болса, бұл орайда Шымкент қаласында бағдарламадағы талаптарды жүзеге асыру ісі қарқынды жүруде.
Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебковтың айтуынша үшінші мегаполисте өнім көлемі бойынша ағымдағы жылдың 1-тоқсанында 317,3 миллиард теңгені құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30,1 пайызға артқан.
Биылғы жылдың қаңтар-наурызында шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 36,2 пайызды құраған. Биылғы меже бұдан биік. Бұл өсімге индустриялды аймақтардың да үлесі қомақты.