Шымкент – кәсіпкерліктің ордасына айналып келеді
Шымкент «үшінші қала» статусын алғалы бері қалаға инвестиция тарту көрсеткіші жылдан жылға артып келеді. Бүгінде осы қысқа уақытта тартылған инвестиция көлемі 1,5 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде 2,3 млрд. АҚШ долларын құрайтын 17 шетелдік инвестициялық жоба іске асырылды. Бұл негізінен Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Польша, Германия, Өзбекстан елдерінен келген шетелдік инвесторлар. Нақтылай кететін болсақ, шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асқан ірі жобаларға «Петро Казахстан Ойл Продактс» ЖШС-інің –Шымкент мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғырту жобасы, құрылыс материалдарын өндіру саласындағы –«Шымкентцемент» АҚ, «Gold Aluminum» ЖШС, фармацевтика саласында – «Химфарм» АҚ, кондитерлік өнім өндіруде – «Рахат-Шымкент» ЖШС, жеңіл өнеркәсіп саласында – «Бал текстиль», «СП «Lux Shoes» ЖШС, «Умалп» ЖШС, «Кирал Достық» ЖШС жатады.
Сондай-ақ соңғы 4 жылда қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 60 пайызға, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 30 пайызға, қала бюджеті 4 есеге өскен. Яғни Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен бері өнеркәсіп өнімінің көлемі 492,3 млрд теңгеден 785,4 млрд. теңгеге ұлғайды. Биыл қалаға жарты триллионнан астам инвестиция тарту жоспарланған. Инвестиция тарту бойынша Шымкент 2021 жылдан бері елімізде көш бастап келеді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері шығарған өнім көлемі алғаш рет 1 трлн. теңгеден асты.
Бұл орайда «бір терезе» қағидасымен қажетті қызметтер көрсететін «Бизнеске арналған үкімет - Shymkent Invest» фронт-кеңсесінің жұмысы да кәсіпкерлерге көп көмегін тигізуде. Экономисттердің сараптауы бойынша инвесторлар үшін ең маңызды мәселенің бірі – қауіпсіздік пен саяси тұрақтылық. Бейбітшілік, тыныштық пен тұрақтылық жоқ елдің экономикасына ешкім тәуекел етіп миллиардтаған қаржысын құймайды. Инвесторларды қолдауға арналған ашық саясат пен олардың құқықтарын қорғайтын мықты заңнамалық база бар. Соның арқасында ұлттық экономиканы көтеруге шетелден миллиардтаған доллар инвестиция тартылды. Егер 1991 жылдан бүгінгі кезге дейін Орта Азияға жалпы сомасы 480 млрд. доллар инвестиция құйылса, соның 380 миллиарды Қазақстанға тиесілі екен. Сол секілді құрылыс саласында Оңтүстік Корея, Түркия сияқты елдердің компаниялары өз инвестициясын әкеліп жатыр.