Өткен жылы қалада 52,5 мың тонна қалдық қайта өңделген

Oinet.kz 01-11-2022 390

image.png

Елімізде «жасыл экономикаға» өту жөнінде шешім қабылданып, оның тұжырымдамасын әзірлеген болатын. Тұжырымдама 2050 жылға де­йінгі уақытты қамтитын үш ке­зең­­нен тұрады. Тұжырымдама су ресурстарын орнықты пайдалану; орнықты және өнімділігі жо­ғары ауыл шаруашылығын дамыту; энергия үнемдеу және энер­гия тиімділігін арттыру; электр энергетикасын дамыту; қал­дықтарды басқару жүйесін ен­гізу; ауаның ластануын азайту; экожүйелерді сақтап қалу жә­не тиімді басқару секілді жеті бағыт­тан тұрады. 

Бүгінде Шымкент қаласында тұжырымдама аясында бірқатар шаралар қабылданған. Айталық шаһарда «Ақтас-1» қоқыс полигоны іске қосылған. Аумағы 34 гектарды құрайтын полигон тәулігіне 550-600 тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдауға қауқарлы. Оның ішінде 29 гектар қоқыс полигоны болса, 5 гектарында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау зауыты орналасқан. 

Санитарлық барлық талаптарға сай келетін қоқыс нысаны бүгінде «Гринлайн» ЖШС-нің жеке меншігінде. Зауытта өңдеудің барлық түрлері бойынша қалдықтар сұрыпталады. Сонымен қатар, өңделетін қалдықтың көлемін арттыру мақсатында қайта өңдеу жұмыстары да жүргізіліп отыр.

Қоқыстарды қайта өңдеудің көлемі 2018 жылы 18,1 % құраса, 2019 жылы 22,7 %, ал, 2020 жылы 25,1 пайызға жеткен. Өткен жылы қоқыс полигонына 209,1 мың тонна қоқыс қабылданып, 52,5 мың тонна қалдық қайта өңделген.

Атап айтқанда, картон 14,8, қағаз 2,3, ақ қалта (желім) 1,1, түсті қалта 1,2, политэлен бөтелке 26,1, пластмасса 5,1, шыны бөтелке 1,8, қара металл 0,1, түсті металл 0,01 тоннаны құрап отыр.

Сұрыпталып, өңдеуден өткен политэлен және пластмасса бөтелкелер қалдығынан химиялық шикізат алынуда.

Алдағы уақытта қайта өңдеу зауытында қоқысты сұрыптаумен қатар, тұрмыстық қалдықтардан электр энергиясын өндіруді қолға алынып отыр. Бұл мақсатта «Ақтас-1» қоқыс полигоны аумағынан 20 гектар жер телімі қарастырылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Айта кетейік, елімізде "Жасыл экономика" саясаты бойынша 2030 жылға дейін қоқыс өңдеу бойынша 14%-дық көрсеткішті 40%-ға жеткізу көзделген. Қазір Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қоқыстарды басқару бойынша мемлекеттік бағдарлама әзірлеуде. Осы жоспар жүзеге асса, еліміздің полигондарына шетсіз, шексіз төгілген қалдық энергия мен табыс көзіне айналуы ықтимал.

Экономика мен экологияға да тиімді келісім жасалды
Шымкент – кәсіпкерліктің ордасына айналып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу