Шымкенттік кәсіпкерлерді не мазалайды?
Шымкенттік кәсіпкерлердің жай-күйі қандай? Осы сұрақтық жауабын алу үшін Шымкентке іс-сапармен келген экономика министрі жергілікті кәсіп иелерімен кездесу өткізді. Жиын барысында бас экономист бизнесмендерді толғандырып жүрген мәселелерді тыңдады.
Еліміздің бас экономисімен басқосуда шымкенттік кәсіпкерлер өздерінің шешілмей жүрген мәселелерін ортаға салды. Еңбекші ауданында орналасқан “Ерасыл 2030” ЖШС-і мемлекет алдында 600 млн. теңгеге қарыз болып қалған. Себебі олар бидай сатып алатын мекеме жосықсыз кәсіпкер тізіміне еніп, жабылып қалған. Ал оның берешегі автоматты түрде сатып алушыға өтіп кеткен көрінеді. Мәселені шешу үшін соттың есігін тоздырған кәсіпкер, өзін толғандырған проблемасын тікелей министрге айтуға мүмкіндік алды.
«Біздің проблемамыз өте өзекті. Бізде ғана емес, көптеген жандарда кездеседі. Жауапсыз кәсіпкерлер кесірінен, жауапты кәсіпкерлер жапа шегіп отыр. Кәсіпкер белгісіз себептермен БСН-ін жауып тастайды. Ал салық органы одан жауап ала алмаған соң бізге хабарлама жіберіп, біздің бизнесімізге кедергі келтіріп жатыр. Біз сотқа да арыз бердік. Бірақ Салық Кодексі мен Азаматтық Кодекс бір-біріне қарама-қайшы келетін тұстары бар. Соның кесірі кәсібімізге нұқсан келтіруде»,- “Ерасыл 2030” ЖШС-нің бас есепшісі Нұржан Аққайыр.
Кәсіпкер Салық Кодексі мен Азаматтық кодекстің кей тұстары бір-біріне қайшы келеді дейді. Сондықтан да ол сотта жеңіліс тапқан. Кәсіпкер арызын тыңдаған Экономика министрі бұл бойынша заң жобасын алдағы уақытта талқылайтынын айтты.
«Көп мәселе КГД көлемінде шешіледі. Бірақ кейбірі шешілмейді. КГД-ны да түсінуге болады. Себебі олардың жұмысы салық жинау. Алайда экономика министрі кәсіпкерлерді қолдау үшін басқа жоба жасап жатыр. Кішкене күтіңіздер. Негізі сот шешім шығарғанда халыққа не кәсіпкердің пайдасына шешілуі керек. Бірақ КГД-ның өзіндік саясаты бар. Бұл маңызды мәселе, мұны талқыға аламыз»,- деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Жиын барысында өзге де кәсіпкерлер мен жергілікті басқарма қызметкерлері өз мәселесін айтып, пікірін білдірді. Ал Экономика министрі ұсыныстарды алдағы уақытта ескеретінін жеткізді.