Суды үнемдеуге жаңа технологияның пайдасы тиіп жатыр
Үшінші мегаполисте экологиялық мәселелер оң шешімін тауып келеді. Әсіресе қалалықтар суды үнемдеуді үйренген. Бұған "Су ресурстары-Маркетинг" ЖШС-ның жаңа технологияларды қолдануы арқылы қол жеткізіліп отыр.
Жақында Еуропа Қайта құру- Даму Банкінің делегациясы аталған мекемеге арнайы келді. Делегацияны қаржы ұйымының вице-президенті Алан Пию басқарып келді. Банк Орталық Азияда жасыл энергетика мен экологияға байланысты жобаларды барынша қолдауда және оны ілгерілете бермек.
Мекеме басшылығы қонақтарды орталық диспетчерлік қызметінде қарсы алды. Мұнда су құбыры желілеріндегі қысым деңгейінен бастап, резервуарлардағы су мөлшеріне дейін – тұтынушыны сумен сапалы қамту бойынша барлық ақпарат жинақталады. Экрандарда жалпы орамдық және жалпы көшелік су есептегіштерінің көрсеткіштеріне дейін байқауға болады. Кәсіпорын өңірді 24 жыл бойы сумен қамтып, су бұру қызметін көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде аталған банктің инвестициясы арқасында ауыз суды тарту, таратуды автоматтандыру жүйесіне көшіріп, саланы жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде, көп көрсеткіштер бойынша шығындарды азайтуға мүмкіндік туды. "Бұрын 1 текше метр "суды" көтеру үшін 0,87 КВт/сағ электр энергиясы қажет болса, қазір автоматтандыру, жаңғырту және цифрландыру есебінен бұл көрсеткіш 0,06 КВт/сағ құрап отыр. Сонда 24 жыл ішінде электр энергиясы 19 миллиард теңгеге дейін үнемделген. Су құбыры желілерін жоспарға сай жаңартудың есебінен шығын азайды және апатты, яғни авариялық-жөндеу жұмыстарына қатысты да шығындарды азайтуға мүмкіндік туды. Су балансын бақылау адамның қатысуынсыз автоматты түрде жүзеге асырылады. Су есептегіштерден алынған деректер кәсіпорын базасына қашықтықтан беріле береді. Қонақтарды бұл мәліметтер таңқалдырды.
«Осындай нәтижелі жұмыстарыңызға тәнтіміз. Қазақстанның басқа да қалаларында, өңірлерінде осы тәжірибе таратылуы керек деп ойлаймын,- деп атап өтті Алан Пью. ЕҚҚДБ делегациясы кәріз-тазарту құрылғылары кешенін де көрді.
«Қайта өңдеуге қатысты өндірістік тізбектің әр тұсына енгізілген. Еуропалық жабдық алғалы жұмыс әлдеқайда жеңілдеді. Өте ыңғайлы. Салмағы небәрі 3 тонна. Ал бұрынғы құрылғы 17 тонналық еді. Жұмыс сапасы да артты»,- дейді кешеннің басшысы Ирина Казаринова.