Экономика министрі шымкенттік кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын тыңдады
Үшінші мегаполиске аранйы іс-сапармен ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров келді. Еліміздің бас экономисі шымкенттік кәсіпкерлермен кездесіп, олардың мәселелеріне құлақ асты.
Жиында жас кәсіпкерлер ҚР Президентінің Жолдауында айтқан бизнесті қолдау үшін берілетін аз пайыздық несиенің қашан берілетінін сұрады. Көгал төсеумен айналысатын Жасур Жұматаев кәсібін кеңейту үшін несиеге мұқтаж көрінеді. «Президентіміз жас кәсіпкерлерді 2 жарым пайыздық несиемен қамтуы жайында өз жолдауда айтқан еді. Бұл бізді қатты қуатты. Бізде енді сұрақ туындап отыр. Бұл несені қалай ала аламыз? Шарттары қандай?»,- дейді кәсіпкер Жасур Жұматаев.
Жасы отызға толмаған жастардың шағын және орта бизнесін дамыту үшін берілетін несиенің заң жобасы әлі де қаралып жатқан көрінеді. Жауапты маман алдағы уақытта нақты шешімі шығатынын айтады. «Сәл күтуіңізге тура келеді. Мемлекет басшысының айтқан 2 жарым пайыздық 5 миллион теңгелік несиесі жақында беріледі»,- деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Фархат Сәрсекеев.
Жиын барысында өзге де кәсіпкерлер мен жергілікті басқарма қызметкерлері өз мәселесін айтып, пікірін білдірді. Ал Экономика министрі ұсыныстарды алдағы уақытта ескеретінін жеткізді.
Айта кетейік, Мемлкет басшысы «Үкімет пен «Атамекен» бірлесіп, шағын және орта бизнесті дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеуі қажет. Құжатта бизнесті тікелей, адрессіз қолдау мен субсидиялаудан мейлінше нарықтық құралдар мен әдістерге көшу мәселесі қарастырылады. Жалпы шағын және орта бизнес санының өсуіне қарамастан, орташа компаниялар үлесінің төмен болуы – бұрынғы және әлі күнге дейін шешілмеген проблема. Дәл осы компаниялар мейлінше орнықты әрі бәсекеге қабілетті. Осыған байланысты шағын бизнестен орта санатқа көшу үшін реттеуші және ынталандырушы жаңа шаралар қажет. Үкіметке «Атамекенмен» бірлесіп, жыл аяғына дейін Шағын және орта бизнесті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдауды тапсырамын»,- деп бизнесті дамытудың нақты шараларын айтқан болатын.