Шымкенттіктер суды үнемдеуге дағдыланған
Халықтың қолайлы өмір сүру ортасын құруға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы 4 негізгі бағытты қамтиды. Жобаның екінші бағыт – «Үнемді Қазақстан» деп аталады. «Суды үнемді пайдалану арқылы өнімділікті арттыру» міндеті аясында 401 арнаны реконструкциялау және 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезіндегі су ысырабын 4 текше шақырымға азайту жоспарланған. Ұлттық жобада суарылатын жерлерді 600 мың гектарға ұлғайту шаралары қарастырылған.
Осы ретте жобаның екінші бағыты бойынша үшінші мегаполисте бірқатар жобалар қолға алынған. Айталық шаһар тұрғындарын тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп келе жатқан «Су арнасы - Маркетинг» кәсіпорны суды үнемдеудің жаңа технологиясын енгізген.
Су құбырлары, коллекторлар, кәріз желілері мен есептеу-бақылау құрылғылары – осының барлығы қаланың су шаруашылығын құрайды.
Су көзінен алынып, залалсыздандыру процесінен өткен су қалаға үш негізгі жолмен жеткізіледі. Ары қарай орамішілік тарату құбырларымен бөлінеді.
Сумен қамтамасыз ету жүйесінің жұмысы технологиялық процеспен басқару жүйесі арқылы автоматтандырылған. Орталық диспетчерлік пунктегі алып мониторда барлық мәлімет көрініп тұрады. Құбырлардағы қысым туралы мәлімет 36 бақылау нүктесінен түседі. Ал төтенше жағдай бола қалса, GPS-трекерлер арқылы экранда апатты бригадалар мен мамандардың орны көрсетіледі.
Мәлімет тез арада соларға беріледі. Шымкент қаласы елімізде алғаш болып су өлшеуіш құрылғылармен жабдықталғандықтан, судың шығыны толық бақылауда. Бұл жүйе суды үнемдеуге мүмкіндік береді.
«Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-нің берген мәліметтеріне сүйенсек, Шымкентте қазіргі таңда бір адам тәулігіне 120 литр су тұтынады екен (Яғни, бұл сіздің тамаққа, кір және автокөлік жуу секілді күнделікті қажеттіліктеріңізге пайдаланатын суыңыздың мөлшері). Ал, осыдан 20 жыл бұрын бұл көрсеткіш 456-ны құраған болатын. Егер де біз сол уақыттарда суды үнемдеуге кіріспегенімізде, қазір су тапшылығын тартып отыруымыз мүмкін бе еді... Кім білсін?!