Қалдық су да кәдеге жарайды
Республикада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Ол халықтың қолайлы өмір сүру ортасын құруға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Ұлттық жоба 4 негізгі бағытты қамтиды. Жобаның екінші бағыт – «Үнемді Қазақстан» деп аталады. «Суды үнемді пайдалану арқылы өнімділікті арттыру» міндеті аясында 401 арнаны реконструкциялау және 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезіндегі су ысырабын 4 текше шақырымға азайту жоспарланған. Ұлттық жобада суарылатын жерлерді 600 мың гектарға ұлғайту шаралары қарастырылған. Бұл бағыттағы екінші міндет - өнеркәсіптік кәсіпорындардың технологиялық жабдығын жаңғырту және бюджеттік сектордағы жарықтандыруды жаңғырту есебінен энергия тиімділігін, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде арттыру.
«Су арнасы - Маркетинг» – Шымкенттегі ірі кәсіпорынның бірі. Мегаполис тұрғындарын тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп келе жатқан, 70 жылдық тарихы бар мекеме. Мұнда ұлттық жобаның үдесінен шығатын бастамалар баршылық.
Мұнда қалдықтан электр энергиясын алатын биогаз қондырғысы жұмыс істейді. Жауапты мамандардың баяндауынша, 2016 жылы тазарту құрылғыларын жаңарту жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде, тиімді технологияның көмегімен өндірістік қуаттылық тәулігіне 150 мың т.м. жетіп отыр.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша қалдық су жүйесінің ұзындығы 838 шақырымды құрайды.
Шымкенттің ерекшелігі сол, құрылғылар қаладан биік орналасқан, су жинала салысымен тұтынушыға жөнелтіледі. Сорғылардың жұмысы, судың көлемі, құбырлардағы қысым мен басқа да арнайы мәліметтер диспетчерлік пунктегі мониторларға беріледі.
Жаз кезінде қала тұрғындары сағатына 10 мыңға жуық текше метр суды тұтынады. Ал күз бен қыс айларында бұл көлем 30%-ға төмендейді.
Ауызсу шымкенттіктердің үйлері мен пәтерлеріне жетпей тұрып залалсыздандырылады.
«Selcoperm-500» қондырғысы бар арнайы станция су жинау орнынан бірнеше шақырым төменде орналасқан. Мұндағы маман арнайы тұз таблеткаларын суға араластырып, ары қарай электролиз қондырғысында атомға дейін ұсақталады. Дайын болған қоспа арнайы ыдысқа құйылып, магистральды су құбырына қысыммен жіберіледі. Міне, су залалсыздандырылды және оны енді еш қорықпай іше беруге болады.