МЖӘ: өркенді бизнес, сапалы қызмет кепілі
Елімізде денсаулық саласына бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын тұрақты түрде артып келеді. Десе де, дамығын елдермен салыстырғанда, біздің елде денсаулық саласына бөлініп отырған қаржы көлемі әлі де болса аз. Үкімет жыл сайын қаржы көлемін арттырып отырғанынан қарамастын, медицина саласының сұранысын толықтай өтей алмай келеді. Себебі, жыл сайынғы туу көрсеткіші артып, адамдардың өмір сүру жасының ұзақтығы ұлғайып келеді. Оған қоса, медицина мекемелерін инновациялық технологиялармен жабдықтау қарқынды жүргізіліп отыр. Әине, бұл қосымша шығындарды қажет етеді. Ал бұл мәселені оңтайлы шешудің бір жолы - мемлекеттік-жекешелік әріптестік. Бизнес үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыруда әлеуетті салалар медицина мен білім беру болып саналады.
Шымкент қаласында бүгінгі таңда тұрғындарға 36 медициналық ұйым қызмет көрсетеді. Былтыр жаңа 5 медициналық ұйым ашылып, денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік байланыстар жолға қойылған болатын. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға 9 миллиард теңге қаралып, медицина ұйымдарының базасын жаңарту жұмыстары 71 пайыздан 81 пайызға жетті.
Былтырғы жылы 6 медициналық ұйымның ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілсе, алдағы бес жыл ішінде 10 медициналық ұйымның құрылыстары қолға алынбақ. 2023 жылға дейінгі мерзімде қала орталығынан шалғайда жатқан аумақтарда 12 дәрігерлік амбулатория салынатын болады дейді салаға жауапты мамандар.
Халыққа ұсынылатын медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында медициналық персоналдың 30 пайызын қамти отырып, Израиль, Алмания, Ресей, Литва мемлекеттерінің озық медицина ғалымдарын тарта отырып, тәжірибе арттыру дәрістерін ұйымдастыру жоспарланған.
Айта кетейік, мемлекеттік-жеке әріптестік – бүгінде ел экономикасын жаңа белеске көтеруге, оны әртараптандыруға және кәсіпкерлерді ірі инвестициялық жобаларға тарта отырып, бизнесті мемлекетпен бірлесе дамытуға септесетін үлкен жобалардың бірі.