Оқушыларды ҰБТ-ға дайындайтын орталық
Қазіргі таңда біздің елімізде мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізде түрлі нысандар бой көтеруде. Олардың қатарында спорт кешендері, мектеп, балабақша және дәрігерлік амбулаториялар бар. Негізі мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі бюджет жүктемесін азайтып қана қоймай, жеке бизнесті жандандырады, кәсіпкерлік саласында тың бастамаларға жол ашады.
Соңғы жылдары Шымкент қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бой көтерген мектептердің қатары артып келеді. Солардың бірі - «125 HIGH SCHOOL» жобасы. 10-11 сыныптар оқушыларына арналған бұл мектеп Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын оқушылар үшін үлкен көмек беретін білім ордасы. Өз жұмысын былтыр бастаған бұл мектепке келушілер қатары артып отыр.
«125 HIGH SCHOOL» мектебі еліміздің 7 өңірінде оқу орталығы негізінде жұмысын бастаған. Қазір 27 орталық ішінде жетеуі мемлекеттік лицензиясы бар мектептер желісі болып жұмысын жалғастыруда. Білім мекемесінің негізгі мақсаты – бітіруші сыныптарды мектеп пен дайындық курсын екі жақты оқымай, арнайы методика негізінде бір жерден білім беру.
Ұстаздардың айтуынша, білім алушылардың 70 пайызы химия-биология мен физика-математиканы таңдаған. Сонымен бірге география–математика, дүниежүзі тарихы, ағылшын тілі және адамның қоғамдағы құқығы, тарих бағытында оқиды.
Мектеп кәсіби бағдар беру, компьютерлік тестілеу, менторлық жүйе, «Коворкингті» орталық және сабақтан тыс уақытта ұйымдастырылатын мотивациялық іс-шаралар өткізу жүйесін де тиімді жүзеге асыруда.
Жасыратыны жоқ, Шымкентте үш ауысымдағы мектептер әлі де бар. Егер жоғарыда аталған жекеменшік мектептер саны артатын болса, әрі мемлекеттік бюджеттен салынатын мектептер көбейсе, бұл мәселе 2024 жылға дейін шешімін табады дейді мамандар. Аталған жұмыстар білім саласын дамытудың 5 жылдық жоспарында қамтылған.