Бастауыш мектептің мүмкіншілігі көп
Миллионан астам тұрғыны бар Шымкентте осы уақытқа дейін мектептің жетіспеушілігі, тарлығы үлкен мәселе болып келгені белгілі. Биылдың өзінде қала мектептерінде 242 525 мың оқушы оқып жатқанын, оның 28 мыңы бірінші сынып оқушылары екенін ескерсек, демографиялық жағдайдың қандай екенін аңғару қиын емес. Олай болса Шымкент үшін балабақша салу, мектеп ашу әлі де жалғаса түсуі керек игі істер.
Мектеп жетіспеушілігі мәселесін шешуде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік оң нәтижесін көрсетіп келеді. Қаланың іскер азаматтары білім саласын жетілдіруге өз үлестерін қосуға кіріскен. Қазір Шымкент білім саласына инвестиция тарту бойынша республикада көшбасшы қала санатында. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде табысты жүзеге асқан жобалардың бірі – «TM and ART educational school» мектебі. Қонаев даңғылы бойындағы бұрынғы сауда орталығы бастауыш мектеп ретінде қайта құрылымдаудан өтті. Былтырғы оқу жылында алғашқы оқушыларын қабылдады. Қазір мұнда 202 бала елімізде қабылданған жалпы білім беру стандарттарына сай қазақ және орыс тіліндегі білім алуда.
Жекеменшік білім беру нысанында модификацияланған пән кабинеттері жасақталған, оқу сыныптары интерактивті тақталар және панельдермен жабдықталған. Балалар қауіпсіздігін сақтауда бейнебақылау жүйелері орнатылып, ата-аналар өз перзенттерінің білім беру ұйымындағы іс-қимылын смартфон арқылы онлайн-режимде бақылай алады. Мектепте спортзал, кітапхана, асхана, гимнастикалық зал қарастырылып, робототехника пән кабинеттері жасақталған.
Ата-аналардың қалауы бойынша ақылы түрде түрлі шығармашылық топтар мен үйірмелер жұмыс істейді. Дизайн, таэквандо, дзюдо, хореография, көркем гимнастика, этика, сурет салу, брейк-данс және ағылшын тілі үйірмелерінің жетекшілігіне кәсіби мамандар, оның ішінде жоғары білікті шетелдік ұстаздар тартылған. Білім беру ұйымында логопед маман да қарастырылып, тіл кемістігі бар балаларды дұрыс сөйлей білуге дағдаландырады. Бюджеттік мектептерге қойылатын талаптар жекеменшік мектептерге де қатысты. Ұстаздардың біліктілігі мен балалардың білім деңгейі салалық мемлекеттік құрылымдар тарапынан тұрақты бақылауда болады.