Бала тәрбиесі - болашаққа салынған инвестиция
Еліміздің үшінші мегаполисінде жыл сайын халық саны өсуде. Демографиялық өсім Шымкентте балабақша салу, мектеп ашу жұмыстарын жеделдетуді талап етуде. Балабақша мен мектеп жетіспеушілігі мәселесін шешуде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік оң нәтижесін көрсетіп келеді. Қаланың іскер азаматтары білім саласын жетілдіруге өз үлестерін қосуға кіріскен. Қазір Шымкент білім саласына инвестиция тарту бойынша республикада көшбасшы қала санатында. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде табысты жүзеге асқан жобалардың бірі - «4 Kids» балабақшасы.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған үш тілде білім беретін 175 орынға арналған балабақша бүгінде кішкентай балапандардың тәрбиелі де, білімді болып өсіп-жетілуіне ат салысып келеді. Жаңа үлгіде салынған балабақшада алғашқы жылы 80-ге жуық бала қабылданған. Бүлдіршіндердің таным көкжиегін кеңейтіп, зерделі болып өсуіне барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, ойын бөлмесі, асхана, музыка залы, спорт залы, әр топқа арналған ойын алаңшалары, денсаулықты қадағалайтын медбике және логопед бөлмелері бар.
Жалпы Еңбекші ауданында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында балабақшалар саны артуда. Бұл тұрғыдан кәсіпкерлердің белсенділіктері жоғары. Бүгінде ауданда 70-ке жуық мектепке дейінгі жеке балабақша жұмыс істейді.
Айта кетейік, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) – экономиканы дамытудың бірден-бір жолы. Яғни, аталған бағытқа инвестиция тартудың маңызды құралы деуге болады. Сондай-ақ, МЖӘ мемлекет пен бизнес құрылымдарының орта немесе ұзақ мерзімді перспективада әлеуметтік маңызы бар салалардағы өзара тиімді ынтымақтастығы. Бұл байланыстың негізінде жаңадан шағын және орта кәсіпкерлік құрылымдар, жаңа әлеуметтік инфрақұрылымдар салынып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туады. Бюджетке түсетін салмақты да азайтып, салық түсімдерін көбейтуге де жол ашады. мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің ең маңызды артықшылығы – бюджетке түсетін ауыртпалықты азайтып, қаржылық жағдайды ұтымды үйлестіру, экономиканы тұрақтандыру. Қаржыны үнемдеп, оны келесі бір әлеуметтік жобаларға бағыттау да ұтымды болып табылады. Мұндай алпауыт күшке ие қос тараптың ынтымақтастығы – кез келген экономикалық мәселені шешудің тиімді жолы.