Шымкентте мектеп салуға құштар инвесторлардың қатары көп
Мектептің бәрін мемлекеттің есебінен салу бюджетке айтарлықтай салмақ салуы мүмкін. Сондықтан мемлекет балабақша кезегін азайту үшін қолданған сәтті тәжірибесін енді орта білім саласына да енгізуге кірісті. Яғни, мектеп салуға жеке инвесторларды тарта бастады.
ҚР Үкіметінің бағдарламасына сәйкес үш ауысымды және апатты мектептер санын азайту мақсатында үшінші мегаполисте мектеп салуға жеке инвесторлар да өз үлесін қосып келеді.
Үшінші мегаполисте 2025 жылға дейін 85 мектеп салыну жоспарланса, оның кем дегенде 70 пайызы жеке инвесторлардың қаржысына бой көтеретін болады. Олар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істейді. Яғни, ата-ана баласын жеке мектепке оқуға береді, ал, мемлекет бюджеттен әр баланың оқуына жыл сайын ақша аударып отырады.
Жан басына қаржыландыру жүйесі мемлекеттік мектептерге де енгізілді. Алғашында бюджеттен әр балаға бөлінетін қаржы мөлшерін мемлекеттік пен жеке мектептер үшін бірдей етіп белгілеу көзделген еді. Алайда, бұл қаржы инвесторлардың шығынын өтемейтін болғандықтан қаржыландырудың жаңа механизмі жасалды. Ендігі жерде әр балаға бөлінетін 250 мың теңгеге қосымша Қаржы орталығы арқылы 250 мың теңге көлемінде ынталандыру конпоненті төленеді. Ынталандыру компоненті мектеп ашылған соң 8 жыл бойына төленеді де, инвестордың құрылысқа кеткен шығыны өтелген соң тоқтатылады. Одан әрі қарай жекеменшік мектеп пен мемлекеттік мектеп бірдей қаржыландырады.
Инвесторларға мемлекет мұнан өзге де бірқатар жеңілдіктер ұсынылады. Егер инвестордың өз меншігіндегі жер телімі жоқ болса, жергілікті атқарушы органдар оларға жер телімін ұсынып, инфрақұрылыммен жабдықтайды.
Былтырғы жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша 11 жекеменшік мектеп пайдалануға тапсырылған.
Солардың бірі — Ақжайық мөлтек ауданында орналасқан «PARASAT AJ» жекеменшік мектебі. 1500 оқушыға арналған мектеп 5 негізгі бағыт бойынша оқушылардың практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған. Мұнда тегін, сапалы білім және art & sport дағдыларын дамытуға мүмкіндік бар.
Ғимараты еңселі, материалдық-техникалық базасы мықты мектепте оқу баланың ынтасын арттырып, зейінін ашатынын бүгінде ғалымдар дәлелдеп отыр.