Студенттердің «арман үйі»
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік бұл – мемлекет пен жекеменшік сектордың арасында инфроқұрылымдық және қоғамдық қызмет көрсету жобаларын (білім, денсаулық, ТКШ, энергетика және көлік салаларында) іске асыру мақсатындағы ынтымақтастық. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік соңғы жылдары Қазақстанда кең таралып, өз тиімділігін дәлелдеп келе жатқан маңызды үрдіс. Мемлекеттің елдегі азаматтарға, қоғамға тиімді түрлі жобаларды, әлеуметтік маңызды нысандарды іске қосуға әрдайым ресурстық мүмкіндігі бола бермейді. Бұл ретте, қолында тиісті қаражаты бар, елдің жағдайына, қоғамдағы өзекті мәселелерге немқұрайлы қарамайтын іскер, қалталы азаматтар мен заңды тұлғалардың әлеуетін пайдалана отырып, оларды елге де, өзіне де пайда әкелетін осындай жобаларға тарту арқылы мақсатқа қол жеткізу өзін өзі ақтап келе жатқан үрдіс. Бұл әріптестік көбінесе орташа немесе ұзақ мерзімді қамтиды және тараптар екі жақтың ресурсын да пайдалана отырып, өзара тиімді нәтижеге қол жеткізуді көздейді. Мұны қоғамда бір сөзбен мемлекеттік-жекешелік әріптестік деп атайды.
Шымкентте жоба аясында бой көтерген нысандар аз емес. Соның бірі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің 350 орындық жатақханасы.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде салынған Студенттер үйі заманауи талаптарға сай, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Нұрсәт шағынауданында орналасқан нысанның құны 1,2 миллиард теңгені құраған. Кітапханасы мен оқу залы, демалыс бөлмесі, медицинилық пункт бөлмесі, ас бөлмесі де бар. Республикада теңдесі жоқ жатақхана Wi-Fi интернет жүйесімен қамтамасыз етілген. 3-12 қабаттарға дейін студенттердің тұрғын бөлмелері орналасқан. Әр қабатта асхана, кір жуу бөлмесі бар. Барлық бөлмелер 2 студентке арналған. Әрбір тұрғын бөлмелер тоңазытқышпен, жууыну бөлмесімен және қажетті жиһаздармен,төсек жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Мұнда лифт керек десеңіз шаштараз бен химиялық тазарту бөлмелері де табылады. 12 қабатта академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша дәріс беруге келген оқытушыларға арналған қонақ бөлмелері бар.
Бүгінде жатақхананың игілігін қаншама студент көруде.