Үшінші мегаполисте спорт алаңшалары көптен салынуда
Шымкентте былтырғы жылы 115 спорт алаңшасы салынып, ел игілігіне берілген. Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту, балаларға спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету тапсырмасы ойдағыдай атқарылуда. Бұл бағытта мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында да бірқатар шағынаудандарда спорт алаңшалары ашылуда.
Үшінші мегаполисте екі жақты келісіммен Ақ мешіт медресесінің шәкірттеріне арнайы салынған спорт алаңшасы бар. Күн сәулесінен жарықтандырылатын алаңшада балалар шағын футболдан бөлек волейбол, баскетбол ойнап, шыныға алады.
Дәл осындай спорт алаңшасы Жаңаталап шағынауданында да пайдалануға берілген. «Спорт алаңшасы көпқабатты үйлердің алдында бар, бұрын сол жаққа барып балаларды ойнататын едік. Енді үйдің жанынан ашылған спорт алаңшасына немеремді жиі алып келіп тұрамын. Мұндай нысандар халыққа қажет. Әсіресе балалардың спортты сүюіне, бос уақытын тиімді өткізуіне септігін тигізеді»,- дейді Жаңаталап шағынауданының тұрғыны . Нұржамал Бердіқұлова.
Айта кетейік, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) – экономиканы дамытудың бірден-бір жолы. Яғни, аталған бағытқа инвестиция тартудың маңызды құралы деуге болады. Сондай-ақ, МЖӘ мемлекет пен бизнес құрылымдарының орта немесе ұзақ мерзімді перспективада әлеуметтік маңызы бар салалардағы өзара тиімді ынтымақтастығы. Бұл байланыстың негізінде жаңадан шағын және орта кәсіпкерлік құрылымдар, жаңа әлеуметтік инфрақұрылымдар салынып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туады. Бюджетке түсетін салмақты да азайтып, салық түсімдерін көбейтуге де жол ашады. мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің ең маңызды артықшылығы – бюджетке түсетін ауыртпалықты азайтып, қаржылық жағдайды ұтымды үйлестіру, экономиканы тұрақтандыру. Қаржыны үнемдеп, оны келесі бір әлеуметтік жобаларға бағыттау да ұтымды болып табылады. Мұндай алпауыт күшке ие қос тараптың ынтымақтастығы – кез келген экономикалық мәселені шешудің тиімді жолы.