Халық қажетті нысандармен қамтылуда
«Шымкент қаласы Еңбекші ауданы аумағындағы балалар, спорт және жаттығу алаңшаларын абаттандыру мен күтіп ұстау» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында «STRONG SERVICE» ЖШС жүргізген 11 ашық спорт, 4 балалар ойын алаңшасы және 5 тренажер алаңшалары салынып, бүгінде нысандардың игілігін ел көруде. Балалар уақытының қызықты өтуіне, өскелең ұрпақ пен тұрғындардың бұқаралық спортты серік етіп, шымыр болуларына ықпал беретін бұл нысандарды мамандар күтіп ұстауда.
Сонымен қатар, Шымкенттегі шалғай аудандардың аумағын абаттандыру күн тәртібіне қойылған, бұл үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестікті жандандыру қарқын алған. Салаға жауапты мамандардың айтуынша осы мақсатта Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік жекешелік әріптестік жобасы аясында 1,2 миллиард теңгеге аулаларды абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Сөйтіп аудан бойынша 33 спорт алаңша, аулалар жөнделген. Тағы 17 балалар алаңшасы ашылды. Сонымен қатар аталған екі жақты тімді жоба аясында «Тоғыс» тұрғын алабындағы Мұнайбарлаушылар көшесіндегі 24 көпқабатты тұрғын үйлердің орталығына баскетбол, тренажер, воркаут, балалар ойын алаңшасы мен екі футбол алаңы орнатылды. Ал, «Маятас» тұрғын алабына да футбол, тренажер және балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілген. Бір футбол, баскетбол, тренажер және балалар ойын алаңшасы «Тоғыс» тұрғын алабындағы Шұғыла көшесіндегі Наурыз алаңына қойылған. Және «Елтай» тұрғын алабына да футбол, баскетбол алаңы пайдалануға берілген. «Жыланбұзғанда» футбол, баскетбол, тренажер мен балалар ойын алаңшасы іске қосылған. Мұндай қуанышқа «Айнатастағы» тұрғындар да кенелген. Онда бір футбол алаңшасы қойылған.
Шымкенттегі әр ауданда осы сынды қарқынды жұмыстар жалғасын табуда. Қала халқының саны жыл сайын артуына байланысты осы секілді әлеуметтік нысандарға да сұраныс көбеюде. Ал бұл сұранысты қанағаттандыруда мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы үлесін қосуда.
Айта кетейік, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің ең маңызды артықшылығы – бюджетке түсетін ауыртпалықты азайтып, қаржылық жағдайды ұтымды үйлестіру, экономиканы тұрақтандыру. Қаржыны үнемдеп, оны келесі бір әлеуметтік жобаларға бағыттау да ұтымды болып табылады. Мұндай алпауыт күшке ие қос тараптың ынтымақтастығы – кез келген экономикалық мәселені шешудің тиімді жолы.