Мемлекеттік-жекешелік әріптестік әлеуметтік салаларды көбірек қамтуда
Қазіргі таңда қаражаты бар және қандай мақсатта жұмсап, қалай пайда табуды ойластырып жүрген кәсіпкерлер аз емес. Осы ретте, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің бір тиімді тұсы осы қаржы көзін мемлекеттегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға бағыттауда жатыр. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы сияқты салаларды қамтиды.
Сондай-ақ, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі осы және аталған әдіс арқылы кәсіпкерге пайда табу мүмкіндігі де қоса қарастырылады.
Осы ретте Шымкент қаласының көшелерін түнгі жарықшамдармен қамтамасыз ету мақсатында – мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2022-2023 жылдары 208 көшеге жарықшам орнату жоспарлануда. Нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 70 пайызға жетпек.
2021 жылдың қорытындысымен орталық маңызы бар 747 көшенің 356 көшесі жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 43,4 пайызды құрады. Жоспар бойынша өткен жылы 104 көшені жарықтандыру қажет болса, жоспар артығымен орындалып, 136 көшеде жұмыстар толығымен аяқталды.
Бұдан бөлек, «Ақылды қала» жобасы негізінде жарықтандыру жүйелерін толықтай автоматтандыру жолға қойыла бастады. Ол диспетчерлік орталық арқылы басқарылады. Орталыққа қай көшелер қосылып немесе өшіп тұрғандығы, қай көшеде қанша жарықшам істен шыққандығы, пайдаланылған электр қуаты туралы ақпараттар «сигнал» арқылы беріліп отырады. Алдағы уақытта әр жарықшамның килловаты, түнде, көлік қозғалысы баяулағанда жарықтық дәрежесін автоматты төмендету арқылы энергия үнемдеу сынды функцияларды қосу жоспарланған. Қазіргі таңда, 40-қа жуық көше диспетчерлік орталыққа қосылған. Жыл соңына дейін көше санын 100-ге жеткізу көзделген.
Айта кетейік, мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің серіктестігі әр тараптың жеке жүзеге асыра алмайтын жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Былайынша айтқанда, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» немесе «бес саусақ бірікпей, ине ілікпейді». Мемлекет кәсіпкерлерге ұдайы қолдау көрсетуде. Осы ретте екі тарап арасында арнайы заңнама негізінде серіктестік орнар болса, атқарылар жұмыс та, соған сай жеткен жетістік пен берер жеміс те мол болары анық.