Балалар тегін доп теуіп, теннис ойнап жүр

Oinet.kz 31-10-2022 583

image.png

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы қазір кәсіпкерлерге қол болып тұр. 15 жылға жасалған келісім-шарт бойынша енді екі тарап қаладағы бұқаралық спортты дамыту жұмысын бірлесе атқарады. Осылайша Шымкент қаласындағы бұқаралық спортпен шұғылданушылар санын арттыру мақсатындағы жобалар жалғасын табуда.

Абай ауданындағы Жиделі шағынауданынан бой көтерген футбол кешені мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асқан жобалардың бірі. 5 жастан 18 жасқа дейінгі шағынаудан жастарының жыл он екі ай доп тебуіне мүмкіндігі бар. Кешенде сондай-ақ теннис ойнауға барлық мүмкіндік жасалған. Балалар алаңда доп тепкені үшін ешқандай ақы төлемейді.

Бүгінде қала жастарының футболға деген қызығушылығы арта түскен. Әсіресе, шағынаудандарда мұндай жаңа нысандар көптеп қажет. Кәсіпкерлер осы жағдайды терең зерделеп, жақсы істі қолға алыпты. Шағынауданда 5000-ға жуық адам тұрады. Жасөспірімдердің сабақтан тыс уақытында бір сәт тәжірибелі маманнан футбол әліппесін үйреніп, өз-өздерін дамытуға барлық жағдай жасалды.

«Кешен барлық жағынан әлемдік талаптарға сай. Газон, жылумен, ыстық сумен қамтамасыз етілген. Бұл жерде аптасына 6 рет, күніне 4 ауысымда 250 бала шұғылданады»,- дейді спорт кешенінің басшысы Асқар Молдабай.

«Шалқар Бастау» ЖШС футбол ангарының құрылысын үш айдың ішін-ақ аяқтаған. Құрылысқа жалпы 84 566 400 теңге қаражат жұмсалған. Нысанның аумағы – 20 соттық.

Серіктестік құрылтайшысы Бек Айдосов та нысанды салудағы басты мақсаты шағынауданның жастары мен жасөпірімдерінің бос уақытын тиімді пайдаланып, салауатты өмір салтына баулу екенін айтады. Алдағы уақытта осы спорт нысаннан кәсіпқой футболшылар шығатынына сенім зор.

–Негізгі мақсатымыз – жастарды спортқа тартып, олардың ішінен әйгілі спортшыларды баптап шығару. Жоспарымызды жүзеге асыруда мемлекеттен де көптеген жәрдем берілді, – дейді ол.

250 балаға арналған кешенде барлық жағдай бар. Киім ауыстыру, жуынатын бөлмелері, тынығатын орындар қарастырылған. Мұнда 4 тренер 5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды футболдың қыр-сырына үйретпек. Бұл – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылып отырған алғашқы спорт нысаны екенін айта кеткен жөн.

Спорт алаңшалары көбеюде
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік әлеуметтік салаларды көбірек қамтуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу