Кәсіпкерлікті қорғауға арналған экожүйе құрылмақ
Шымкентте кәсіпкерлердің алдынан туындаған кедергілерді шешуге арналған салалық байланыс топтары құрылады. Бұл цифрлы экожүйе іскер азаматтарға 600-ден аса мемлекеттік қызметті «бір терезе» қағидаты бойынша алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Шымқалада өткен ауқымды кездесуде айтылды. Кәсіпкерлікті қорғауға арналған экожүйені құру жобасын жүзеге асыруды талқылауға арналған жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, бизнес-қауымдастық өкілдерімен жүздесті. Шаһар басшысы іскер азаматтарға кездескен түйткілдерді тездетіп шешуге арналған байланыс топтарын құру туралы шешім қабылдады.
«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өткен жиынға іскер азаматтармен қоса, салалық қауымдастықтардың, құқық қорғау, құзырлы органның қызметкерлері де келді. Еркін тақырыпта өткен басқосуда кәсіпкерлер өз пікірлерін айтып, толғандырған сұрақтарын қойды. Оның кейбіріне қала әкімі бірден үн қатып, орынбасарларына шешуге тапсырма берді. Ал кейбір кәсіпкерлерді мәселені жіті талқылау үшін жеке қабылдауына шақырды.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары, Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нахыпбековтың айтуынша, қойылатын сұрақтардың ішінде көбісі салық салуға, жер қатынастары мен қала сәулеті, құрылысқа қатысты.
«Кәсіпкерлер палатасына бизнесті қорғауға қатысты қалалықтардан жыл сайын орта есеппен 200-ге жуық өтініш түседі», – дейді Тимур Нахыпбеков.
Сондықтан, жауапты маманның айтуынша, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жаңа «Кәсіпті қорғау экожүйесін» жүзеге асыруда. Онда кәсіпкерлікті қылмыстық қудалауға негізсіз тартудың алдын алу шаралары қарастырылады.
– Мемлекет пен бизнестің тиімді байланысы үшін, кәсіпкерліктің проблемаларын шұғыл шешуде палатада 7 салалық комитет жұмыс істейді, онда кәсіпкерліктің жүйелі мәселелері қарастырылады. Біз әкімдікте осындай салалық біріккен байланыс топтарын құруды ұсынамыз. Олар әкімнің тиісті орынбасарларымен және басқарма өкілдерімен тікелей байланыста болар еді, – дейді Тимур Нахыпбеков.
Қала әкімі бұл ұсынысты қолдады. Қала әкімі осындай кездесулердің бизнес үшін де, жергілікті билік үшін де пайдасы көп екенін айтып, шағын және орта бизнес өкілдерін қоса отырып, тұрақты түрде өткізуді ұсынды.