21 кәсіпкердің құқығы қорғалды

Oinet.kz 31-10-2022 469

image.png

Ағымдағы жылдың 9 айында Шымкент қалалық кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің 9 отырысы өтіп, онда 18 мәселе қаралған. Кеңес төрағасы Мелес Сейітжановтың айтуынша, кеңес мүшелері 29 ұсыным беріп, 21 жағдайда кәсіпкерлерді қолдаған.

– Мұндай отырыстарда түрлі мәселелер, жүйелі проблемалар көтеріледі. Мысалы, бір жағдай газбен қамту бойынша, табиғи монополия субъектісі тарапынан бір жақты шартты таңуға байланысты. Бұл мәселе республикалық проблемалар тізіліміне енгізіліп, соңында нәтижелі шешілді. Сонымен қоса, бизнес нысанына кіретін-шығатын орындар мен көлік тұрағын орнату мәселесі қаралды. Аудандық прокуратура, Шымкент қалалық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдерімен бірге жұмыс топтары құрылды. Нәтижесінде ол мәселе де оң шешілді, – дейді Мелес Дайынұлы.

Кеңестің отырыстарында жарнама қоюда заң бұзушылықтар, шаруа қожалықтарын сумен қамтамасыз етудегі кедергілер, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер салығының көрсеткіштері, көлік инфрақұрылымына қатысты проблемалар, бизнес қорғау және заңсыз тексерулердің алдын алу, салық салу сияқты және тағы да басқа көптеген мәселелер қаралып, олардың көбісі бизнестің пайдасына шешіліп отырған. Бұған қалалық әкімдіктің тиісті салалық басқармалары мен мемлекеттік орган өкілдерінің араласуы да оң нәтиже беруде, дейді кеңес мүшелері.

Дегенмен, кәсіпкерлердің тек құқығын қорғау ғана өзекті емес, ісін енді бастаған кәсіпкерлерді қолдау да күн тәртібінен түскен емес. Тәжірибелі іскер азаматтардың да бетпе-бет келетін мәселелері жетерлік. Сондықтан, ондай азаматтар түрлі кабинет табалдырығын тоздырмас үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен елімізде жылдың басынан бері бизнеске арналған экожүйе тұжырымдамасы жүзеге асырыла бастады. Оның аясында кәсіпкерлер «бір терезе» қағидатымен 600-ден аса мемлекеттік қызметті ала алады, кәсіпкерлер палатасының қызметін мен қолдауының игілігін көре алады.

Кәсіпкерлікті қорғауға арналған экожүйе құрылмақ
Кәмпиттің 20 түрін шығарады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу