Дендросаябақтың гендік қоры көбейіп келеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы бес жылда еліміздің орман қорында 2 миллиардтан астам, ал елді мекендерде 15 миллионнан астам ағаш отырғызуды айтып, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын қабылдаған болатын. Президенттің тапсырмасына сай үшінші мегаполистің жасыл белдеуі мен орман қорының аумағы жыл санап кеңейіп келеді. Бұл әрине егілген көшеттердің санымен байланысты. Осы ретте қала аумағына егіліп жатқан көшеттерді өсіру де үлкен жұмыс екені анық. Осы мақсатта Шымқалада А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта арнайы тұқымбақ құрылған.
Өткен жылы Шымкент дендросаябағында кәсіпорынның гендік қорын көбейту мақсатында, интродуценттің 115 түрі егілген болатын. Қазіргі таңда саябақ аумағында 100,0 мыңнан астам ағаш-бұтаның 406 түрі өсіп тұр. Оның ішінде, Қазақстанның қызыл кітабына енген өрік, іле бөріқарақаты, кавказ таудағаны, зеравшан аршасы, недзвеция алмасы, сиверс алмасы, соғды шағаны атты 7 түрлі ағаш бар. Оған қоса сирек кездесетін 61 түрлі ағаш тіркелген. Сонымен қатар, саябақ ішіндегі тұқымбақтың жалпы көлемі 1,5 гектарды аумақты құрайды. Онда қазір 23 түрден 11392 дана көшет өсірілуде. Тұқымбақтың өзі екіге бөлінген. Негізгі тұқымбақта 2638 қылқан жапырақты, 3382 жәй жапырақты және 599 дана өзге көшет түрлері өсіп тұр. Көшет түрлерін көбейту мақсатында өткен жылы 32 түрлі ағаш-бұта түрінен 228 кг тұқым негізгі тұқымбаққа себілген. Ардагерлер аллеясындағы тұқымбақта қылқан жапырақтылар мен жапырақты ағаштардың тұқымынан өсірілген 2-3 жылдық көшеттерді кездестіруге болады. Гендік қорды көбейту және сақтап қалу үшін күз мезгілінде 0,03 гектарды құрайтын жылыжай қалпына келтіріліп, тұқымынан және жасыл қаламша арқылы өсіру жұмысы жүргізілген. 2020 жылы қаладағы әлеуметтік нысандарды абаттандыруға дендросаябақтан 5000-нан астам көшет берілген болатын.