Шымкентте ағаш егу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр
Табиғаттың бір бөлшегі – ағаштардың адамға өмірлік жағымды энергия сыйлайтынын және адам бойындағы жағымсыз энергияны өзіне сіңіріп алатынын көпшілігіміз ескере бермейміз. Ағаштардың көмірқышқыл газын сіңіріп, адамға оттегіні бөліп шығаратынын да көп ойлай бермейміз.Оттексіз адам 1 минут та өмір сүре алмайды. Еліміздің қазіргі таңдағы қарқынды дамып келе жатқан экономикалық жағдайында, қала дендрофлорасын дамыту аса маңызды іс шара болып табылады. Осыған орай, елімізде соңғы жылдары абаттандыру жұмыстары «Жасыл Қазақстан» және басқа арнайы бағдарламардың аясында қарқын алды. Аталған ұлттық жоба үшінші мегаполисте те сәтті жүзеге асырылып келеді.
Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Мақсат Әбдіқадыровтың айтуынша ұлттық жоба шеңберінде осы қара күзде қала аумағына 160 мың ағаш егілмек. Оның 5 мыңы А.Асқаров атындағы дендрологиялық баққа, 135 мыңы қаладағы 4 аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен көше бойларына, 10 мың түп көшет гүлзарларға егілетін болады. Ал жыл басында жасыл белдеу мен қала көшелері, саябақтарға 40 мың көшет отырғызылған. Жалпы алғанда биылғы жылға қала бойынша 202 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жоспары орындалмақ. Ал келесі жылдың күзінде қаладағы 278 гектар аумаққа 231 574 дана ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Атап айтқанда: терек, жиде, глядичия, легустра және айлант көшеттері егілмек.
Үшінші мегаполисте жыл сайын отырғызылған ағаш көшеттерінің және тиісінше жасыл белдеу мен орман қорының аумағы ұлғайып келеді. Бұл қаланың тазалығына, экологиясына айтарлықтай оң әсер етпек.
Жалпы ағаш өсімдіктер қоршаған ортаның экологиялық жағдайында маңызды қызмет атқарады. Ағаштар ең қатаң қуаңшылық жағдайының өзінде бүкіл жаз бойында тіршілігін толық жалғастыру арқылы атмосфералық ауаны улы қоспалардан тазартуға үлкен үлес қосады. Бұл өсімдіктер қоршаған ортаның экологиясын жақсартуда, улы қалдықтарды эрозиялық үрдістерден сақтау үшін жасыл белдеулерде, техногенді ластанған топырақ пен су орталарын экотоксиканттардан тазарту үшін арнайы бітімдерде кеңінен пайдаланылады.