Шымкенттегі тұқымбақ жылына 300 мың түп көшет өсіріп шығармақ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы бес жылда еліміздің орман қорында 2 миллиардтан астам, ал елді мекендерде 15 миллионнан астам ағаш отырғызуды айтып, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын қабылдаған болатын. Осы бағытта Шымкент қаласының жасыл алқап көлемін ұлғайту мақсаты қойылды. Жоспарланған іс-шараларды жүзеге асуыру үшін ағаш-бұта көшеттерін өсіруге арналған орман тұқымбақтарын дамыту қажет.
Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына қарасты "Жасыл белдеу" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде тұқымбақ бар. Орманшы елді мекенінде орналасқан тұқымбақтың аумағы 15 гектарды құрайды. Тұқымбақ жер учаскелерінде қаланың жасыл белдеу көлемін ұлғайту мен қала көшелерін, өндірістік нысандарын көгалдандыруға қажетті ағаш-бұта көшеттерін өсіруге арналған. Бұған дейін мұнда қарағаш, үйеңкі, емен, талшын, өрік, бадам, қарамала, шаған және шабдалы, жиде, алмұрт, жайарша, айлант, сакура, катальпа, терек, бүйірген, сәмбі тал тұқымдары егілген болатын. Сонымен қатар мекеме тарапынан былтырғы жылы тұқым жинау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жалпы 1863 келі (1500 келі – емен, 3 келі – алма, 30 келі – өрік, 50 келі – қара өрік , 280 келі – каштан) ағаштарының тұқымдары жиналған.
Үшінші мегаполистің жыл сайын жасыл белдеуі мен орман қоры аумақтары ұлғайып келеді. Тиісінше бұл көшетті де көп қажетісінетіні анық. Сондықтан алдағы 2023, 2024 жылдары аталған тұқымбақтың аумағын кеңейту жоспарланыпты. «Негізі тұқымбақтың жалпы ауданы 30 гектарды құрайды. Бүгінде соның 15 гектарын игеріп отырмыз. Көшеттерге сұраныстың артуына байланысты алдағы жылдары сол 30 гектарды түгел игеруді жоспарлап отырмыз. Территорияны кеңейткеннен кейін себілетін тұқымды да көбейтетініміз анық. Яғни көшеттеріміз көп болады»,- дейді Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы көгалдандыру және орман шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сейітжанов.
Мамандар тұқымбақта жылына 300 мыңнан астам ағаш көшетін өсіреміз дейді.