«Жасыл белдеу» - қаланың өкпесі
Жасыл аймақтар өзіне жақын жердегі қаланың демалатын өкпесі іспетті. Осы ретте Шымкент қаласы халқының жайлы демалуы мен тынығуына қолайлы жағдай жасау мақсатында «Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Бұл мекемеге Жасыл белдеуді ұлғайту үшін қаланың бас жоспарына сәйкес 2021 жылға 2500 гектар, 2022 жылға 2500 гектар жер учаскелерін бөлу белгіленген. Қала ішінде орналасқан мемлекеттік орман қорының 752 гектар жер учаскесі Қазақстан Республикасы үкіметінің 2021 жылғы 9 ақпандағы №41 қаулысымен «Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне орман иелену құқығымен берілді. Қазіргі уақытта мекеме атына рәсімделген жер учаскелерінің жалпы аумағы 2235 гектарды құрайды.
Қаланың жасыл белдеуіне жауапты мекеме «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында ауқымды жұмыстарды атқарып келеді.
Айталық мекемеде орман тұқымбағын дамыту қолға алынып өткен жылы күзде себілген 8,22 гектар сеппелерде күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылдың жоспары бойынша 976 гектар «Қайнарбұлақ» жер учаскесін толықтыруға сәуір айында 97 500 дана қарағаш көшеттері отырғызылып, күтіп-бапталған.
Ғалымдардың деректері бойынша жасыл белдеудің екпелері 30 пайызға дейін шаң-тозаңды, сондай-ақ ауадағы көптеген зиянды химиялық заттарды өз бойына сіңіріп, қоршаған ортаны сауықтыруға үлкен әсерін тигізеді. Сондықтан да орман алқаптарын түрлі қауіп қатерден, әсіресе, өрт қаупінен аман сақтауды «Жасыл белдеу» мемлекеттік мекемесі орман күзетінің қызметшілері қашан да басты назарда ұстайды.
Қала ішіндегі жасыл белдеу және маңындағы орман алқабы үшінші мегаполистің қолайлы климатын қалыптастырып, экологиясын жақсартуда маңызды рөл атқарады. Бұл орман – таза ауамен тыныстауға мүмкіндік беретін шаһардың «өкпесі». Орман, жасыл белдеу қаланы желден, шаңнан қорғайды, тазалыққа үлес қосады. Бұл – біздің ұрпағымыз үшін жасалып отырған сый, болашаққа ескерткіш.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауына сәйкес 2024 жылға дейін Шымкент маңындағы жасыл белдеудің жалпы көлемін 13 мың гектарға дейін жеткізу және жыл сайын 200 мың дана ағаш көшетін отырғызу жоспарланған.