Тұрғындарға сая болған саябақ
Жасыл желекке оранған Шымқалада «Жасыл Қазақстан» бағдарламасы аясында ағаш отырғызу жұмыстары жалғасын табуда. Қала көшелерінен бөлек сабақтарға да көшеттер егілуде. Мамандардың мәліметінше жыл соңына дейін қаладағы саябақтар мен гүлзарларға 4 мың ағаш көшеттері отырғыщылмақ. Оның ішінде орталық саябақ та бар.
Жалпы Шымкент қаласының орталық саябағының тұрғындар үшін алар орны ерекше. Тарихы тереңде жатқан демалыс орнының іргетасы 1886 жылы қаланған деген дерек бар. Бүгінде орталық саябақтың аумағы 8 гектардан асады. Шаһардың қақ ортасындағы оазис тұрғындар мен қонақтарға жаздың аптап ыстығында сая болып тұр. Тек жазда емес, жылдың барлық мезгілінде тынығуға қолайлы орын Шымкенттің негізгі демалыс орнының біріне әлдеқашан айналған.
Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы өкілдерінің мәліметінше, қаладағы саябақтар мен гүлзарларды күтіп-ұстау жұмыстарымен «Build Stroy» ЖШС айналысады. Мердігер мекеме әр саябаққа жауапты әкімші мен жұмысшылар бригадасын бөлген. Жұмыскерлер таңертең 07:45-те саябаққа келіп, әрқайсысы өз жұмысына кіріседі. Таңертеңнен бастап күн батқанға дейінгі тазалыққа баса мән беріледі. Одан кейін суаруға кіріседі.
Саябақта өсіп тұрған ағаштардың көбісі 1940-50 жылдары егілген көрінеді. Бүгінде олар алып ағашқа айналып, сая беріп тұр. Ал саябақтағы жалпы ағаш саны 8 мыңнан асады, оннан астам түрі өсіп тұр. Жыл сайын мұндағы ағаштарды жаңарту мақсатында жүздеген көшет егіліп, қурағандары біртіндеп қырқылады. Саябақта өткен ғасырдың басында отырғызылған ағаштар да сақталған. Үш түп шынар сонау 1903 жылы егілген екен. Ағаштардың адам құшағы толатын діңгегі әлі де мықты. Мамандардың айтуынша, саябаққа шырша, аққайың, қарағай сияқты тал көшеттері егілуде. Ағаштар мен көгалды суару жұмысы жүйелі жолға қойылған.
Жалпы, өсімдік атаулыны ыстықтың беті қайтқан соң, яғни, кешке суарған дұрыс. Осы мақсатта қызметкерлер саябаққа кешкі 18:00-де келіп, таңертеңге дейін саябақты суарып шығады. Сонда ағаштар мен көгал суды қанып ішеді дейді сала мамандары.