5 канал жөнделуде
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы халықтың қолайлы өмір сүру ортасын құруға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Ұлттық жоба 4 негізгі бағытты қамтиды. «Таза Қазақстан» атты бірінші бағыт атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздің су объектілерінің экожүйелерін сақтау сияқты негізгі экологиялық мәселелерді шешуге ықпал етеді.
Яғни еліміздегі су нысандарын сақтау және суды үнемді пайдалану есебінен өнімділікті арттыру үшін каналдардың жағдайын жақсарту міндеттелген.
Осы ретте үшінші мегаполисте қала аумағындағы каналдарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы мамандарының айтуынша қазіргі сәтте ұзындығы 57,2 шақырымды құрайтын 5 каналды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Оның екеуі өткен жылдан өтпелі болса, үшеуіне күрделі жөндеу жұмыстары осы жылы басталған. Аталмыш басқарма басшысының орынбасары міндетін атқарушы Мақсат Әбдіқадыровтың айтуынша биыл Еңбекші ауданында орналасқан «Көк», «Чумчак» каналдарын күрделі жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланыпты. «Басқарамаға қарасты 36 су нысаны бар, оның 34-і канал және 2 өзен бар. Биылғы жылы екі каналды толығымен жөндеп бітеміз деген жоспарымыз бар. Қаладағы каналдардың көбісінің тозығы әбден жеткен. Енді сонау Кеңес одағы кезінде салынған нысандар ғой. Содан бері көпшілігі күрделі жөндеу көрмеген. Біз каналдардың құрылысына ғана мән бермейміз, сонымен қатар олардың тазалығы да әрдайым біздің назарда. Каналдар табиғаттың әсерінен сондай-ақ әсіресе адамдардың әсерінен қоқысқа толып қалып жатады. Ал оларды күн сайын тазалап отырмасаң біріншіден су ластанады, екіншіден қоқыстың кесірінен ағып жатқан су көздері бітеліп, жағалауын су жаю қауіп тудырады. Міне, осындай жағдайлардың алдын алу үшін мамандарымыз күнделікті каналдарға санитарлық тазалау жүргізіп отырады»,- дейді Мақсат Асанұлы.
Айта кету қажет, «Шымкент қаласының өзен және канал арналарына механикалық тазалау бойынша сервистік қызмет көрсету» мемлекеттік жекешілік әріптестік жобалары бойынша 2020-2024 жылдарға 850 миллион теңге қаралған. Сонымен бірге, қала аумағында 2027 жылға дейін 27 каналды қалпына келтіру жұмыстары атқарылатын болады.