Шымкентте балық шаруашылығы дамып келеді
«Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы келесі жылы аяқталады. Мен Үкіметке бизнеспен бірлесіп, келесі бесжылдыққа арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуді бастауды тапсырамын». Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқан сөзі. Президенттің тапсырмасына сай республикада Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» жөніндегі ұлттық жоба әзірленгені мәлім. Жоба аясында ішкі нарықты 80 пайыздан астам деңгейде азық-түлік тауарларымен молайту және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту көзделген.
Үшінші мегаполисте аталмыш жоба сәтті жүзеге асырылуда. Шымкентте жоба аясында балық шаруашылығы дамып келеді. Әсіресе соңғы жылдары қалада балық шаруашылығымен айналысуға қызығушылық танытқандар көбейген. Балық шаруашылығы перспективалы салалардың бірі.
Осы бағытта қала аумағында 2019 жылдан бастап жылына 200 тоннаға жуық «африкалық сом» балығын өндіретін «Алина» шаруа қожалығы жұмыс істеуде. Онда өндірілетін балық өнімдері қаладағы мейрамханаларға және балық сататын дүкендерге үздіксіз жеткізілуде. Сондай-ақ ол жердегі 70 бассейінде қазір 500 мың клари жайынының шабақтары өсірілуде. Серіктестікте әуелі арнайы балық өсіретін инкубациялық цехтың көмегімен шабақтар жетіледі. Мамырдың соңында 2,5 гектар аумақта орналасқан жасанды көлге ауыстырылып, қазан айында саудаға шығарылады. Балықтар ішкі нарық пен көрші елдерге саудаланады. Шаруа қожалығының иесі Данияр Рахымжанов бұл межемен тоқтап қалмай, қала аумағындағы су тоғандарды пайдалана отырып, нарықта алтынмен тең бағаланатын «бекіре» тұқымдас балық түрін асырауды жоспарлауда. Бұған қоса, балықтарға арналған құрама жем өндіру цехын құруды да көздеп отыр.
Бұдан бөлек, қаламызда балық өнімдерін қайта өңдеу бағыты бойынша «Синяя Волна» ЖШС жылына 14 тонна, «JFM company» ЖШС 250 тоннаға дейін балық өнімдерін өңдеуде. Ал, «ККК» ШҚ 60 тоннаға дейін құс еті және мал шаруашылығы өнімдерімен қоса балықтарды ыстап өңдеу цехын іске қосқан болатын.
Бүгінде балық шаруашылығымен айналысуға ниетті кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдаулар да аз емес.