Шымқалада құс шаруашылығы жанданып келеді
Республикада Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» жөніндегі ұлттық жоба әзірленгені мәлім. Агроөнеркәсіптік кешеннің мақсаты – халықты азық-түлікпен, өнеркәсіпті ауылшаруашылық шикізаттарымен қамтамасыз ету және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау және агросалаға қызығушылық танытқан кәсіпкерлерді қолдау.
Үшінші мегаполисте аталмыш жоба сәтті жүзеге асырылуда. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бірі құс еті мен жұмыртқа. Осы ретте Шымкентте жұмыртқа мен құс етін өндіру жақсы жолға қойылған. Әсіресе қаладағы «Шымкент құс» ЖШС-нің өнімдеріне сұраныс жоғары. Жұмыртқа және бройлер етін өндіретін фермада қазіргі таңда 300-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы аумағы 57,7 гектар құрайтын фермада қазір 600 мыңға жуық бас құс өсірілуде. Сағатына екі мың бас, жылына 2000 тонна бройлер етін шығаратын цех Ресейдің озық технологиясымен жабдықталған. Фабрикада жұмыртқа жинау және сорттау процестері автоматтандырылған жүйеде жұмыс жасайды. Заман талабына сай зоотехникалық, ветеринарлық зертханаларымен қамтылған. Тауарлы жұмыртқа бағытындағы құс фермасы қуаттылығы жылына 115 миллион дана жұмыртқа және 2000 тонна бройлер құс еті етін өндіруге бағытталған.
Қаладағы ірі тауарлы жұмыртқа өндірумен айналысатын келесі құс фермасының бірі «Тассай құс» ЖШС-і. Қаратау ауданына қарасты Сайрам тұрғын алабында орналасқан бұл құс фермасы қала тұрғындарын сапалы жұмыртқамен қамтып отыр.
Алғашында ірі қара мал бордақылау кәсібімен айналысқан қожалық басшысы Шерали Усманов 2015 жылдан бастап тауарлы жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығымен айналысуды қолға алған.
Кәсіпкер мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдалана отырып жыл сайын өндірістік қуаттылығын арттыруда. Осыған сәйкес өткен жылы қосымша 15 миллион дана жұмыртқа өндіретін жаңа құс фермасын іске қосқан болатын.
Кәсіпкердің айтуынша бұнымен тоқтап қалмай, кәсібін дамытуды көздеп отыр. Жалпы аумағы 4,9 гектарды құрайтын құс фермасында бүгінгі таңда 215 мың бас құс бар, оның ішіндегі жұмыртқалағыш тауық-138 мың басты құрайды. Жұмыртқаның сапалы әрі дәмді болып шығуы үшін шет елден арнайы құсқа арналған құрама жем дайындайтын құрал жабдықтар сатып алынған.