Тағы 5 индустриалды аймақ құрылады
Алдағы жылдары үшінші мегаполисте индустриалды аймақтардың қатары артпақ. Мұндай жағымды жаңалықты Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифинг барысында Шымкент қаласының кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков хабарлады.
Қазіргі таңда Шымқалада жалпы 5 индустриалды аймақ бар. Олар: «Оңтүстік» арнайы экономкалық аймағы, «Оңтүстік» индустриалды аймағы, «Тассай» индустриалды аймағы, Көлік- логистикалық орталығы және «Ордабасы» жеке индустриалды аймағы. Бұл мақтанаралық жағдай. Индустриалды аймақтардың жалпы көлемі 886 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда олардың барлығы толығымен белсенді игеріліп келе жатыр. Бұл алаңдардың барлығы да қаланың шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы шағын зауыт фабрикаларды салуға ыңғайластырылған. Осы мың гектарға жуық жердің 90 пайызы игерілген. Яғни аталған индустриалды аймақтарда 173 кәспорны жұмыс жасайды. Сол 173 кәсіпорында 30 мың адам жұмыс жасайды. Ол дегеніңіз 30 мың отбасы жұмыспен қамтылып, әлеуметтік жағдайын түзетіп отыр деген сөз. Мамандардың мәліметінше алдағы 5 жылдықта Шымкент қаласында 2,6 триллион теңгені құрайтын 283 жоба тартылмақ.
«Бұл жобалар қайда орналасады деген сұрақ туындауы мүмкін. Сол себепті алдағы 5 жылда осы жобаларды орналастыру үшін тағы 5 индустриалды алаңды қалыптастырып жатырмыз. Жалпы көлемі 479 гектар жерді құрамақ. Олар өздеріңізге белгілі «Жұлдыз» индустриалды аймағы, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының территориясын кеңейту жобасы, ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарды дамыту бағытындағы «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы, сондай-ақ біздегі әрекеттегі Көлік- логистикалық орталыққа (қазіргі аумағы 92 гектар) қосымша 136 гектар жерді қосып, кеңейту жоспарлануда»,- дейді басқарма басшысы.
Шымкенттегі индустриалды аймақта орналасқан барлық өндіріс ошақтарына жергілікті әкімдік тарапынан әрдайым қолдау көрсетіліп отырады. Мәселен кәсіп ашып, шаруа бастаймын дегендерге тегін жер беріліп, инфрақұрылым бюджет есебінен жүргізіледі.