Қалада шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері көбейген
Орта есеппен Шымкент қаласында 1 миллионнан астам халық бар болса соның әрбір екіншісі кәсіп ашқысы келеді екен. Еңбекқор қала тұрғындарының осы талпынысының арқасында шаһарда кәсіп ашып, бизнесін дөңгелетіп отырған жандардың қатары жыл сайын артып келеді. Оның үстіне түрлі мемлекеттік бағдарламалар кәсіп ашуға ниетті азаматтарға үлкен көмек беріп отыр.
Шымкент қаласының кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебековтің айтуынша қалада кәсіпкерлік субъектілері жыл сайын өсіп келеді. «Пандемия кезінде шаһарда біраз кәсіпкерлік нысандардың жұмысы баяулап қалған болатын. Қазір барлығы тұрақталды. Мемлекеттік бағдарламалардың тұщымды тұстарын көптеген кәсіпкерлер пайдаланып бүгінгі таңда кәсіпкерлік, сауда-саттық саласы жақсы дамып келеді»,- дейді басқарма басшысы.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек қалада шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 101 мың бірлікті құрап, өткен жылмен салыстырғанда 39 пайызға артса, бөлшек сауда көлемі 417,9 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 11,5 пайызға артып отыр. Былтыр шағын және орта бизнес саласында 171 мың адам жұмыс істеген болса бүгінгі таңда 189 мың адам кәсіпкерлікпен айналысуда. Жалпы шағын және орта бизнестің өңірлік өнімдегі үлесі де артып отырған көрінеді. Ол 42,3 пайызды құрап отыр.
«Яғни біздің ең үлкен көрсеткішіміз осы шағын және орта бизнестің өңірлік өнімдегі көлеміндегі үлесі. Бұл өте экономикалық маңызды көрсеткіштердің бірі. Сондықтан қазір біздің салып жатқан зауыт фабрикаларымыз, шығарып жатқан өнімдеріміз, адамдардың жұмыспен қамтылуы, сауда саттықтың барлығы түбі қаланың жалпы экномикасындағы бизнестің үлесінің артып келе жатқанын білдіреді. Қала мегаполис атанғалы бері инвесторлар тарапынан отанық болсын шетелдік болсын үлкен қызығушылықтар артып жатыр. Солардың нәтижесінде қаламызда осы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы түрлі жобалардың жүзеге асырылуы қарқынды жүргізілуде»,- дейді Береке Талғатұлы.