Шымкентте жылына 345 миллион жөргек шығаратын зауыт салынбақ
Үшінші мегаполисте келесі жылдан бастап жылына 345 млн жөргек өндіретін жаңа зауыттың құрылысы басталмақ. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда 145 азамат жұмыспен қамтылады. Бұдан бөлек, мал азығы өндірісі мен пластик шығаратын ірі кәсіпорын салынуы мүмкін. Бұл туралы бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен өткен инвестициялық штаб отырысында айтылды.
Шаһар басшысы үшінші мегаполистің импортқа тәуелділігін азайтып, экспортты көбейту бағытында инвестиция тартуды жалғастыра беретінін, сол арқылы жаңадан ашылған жұмыс орындарының қатары көптеп артатынын атап өтті.
Жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдері мен инвесторлар басқосқан жиында жалпы 12 жаңа жобаның таныстырылымы өтті.
Соның бірі «Амина Интекс» ЖШС басшысы Али Гохар «Бозарық» агро-индустриалды аймақтан мал азығы өндірісін ашуды көздейді. 1 млрд теңгені құрайтын инвест жобаның қуаттылығы жылына 1200 тонна өнім болмақ. Келесі жылы жүзеге асырылатын жоба нәтижесінде 200 адам жұмыспен қамтылады.
Еске салса кетсек, Шымкентте мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарды дамыту бағытында «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы құрылуда. Нәтижесінде жалпы 1500 жұмыс орнындық 23 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске аспақ. Бүгінгі таңда аумағы 133 гектарды құрайтын аймақта инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Ал «SAN GRAND» ЖШС басшысы Бағлан Таженов «Жұлдыз» индустриалды аймағынан 9 га жерге бірнеше жоба салуды ұсынды. Біріншісі - 13 млрд теңгені құрайтын отандық жөргектерді шығаратын ірі кәсіпорын, ал екіншісі - 9,3 млрд тенгені құрайтын шыны талшықты терезе профильдерін шығаратын өндіріс ошағы. Аталған жобалар арқылы жұмыссыз жүрген 300-ге жуық азамат тұрақты жұмыс табатын болады.
306 га құрайтын «Жұлдыз» индустриалды аймағында құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі дамитын болады. 200 млрд теңгеге 5 мыңнан астам жұмыс орнымен 50 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Қазіргі таңда 100 миллиард теңге тұратын 17 жобаға жер телімдері бөлінді.
Мұрат Дүйсенбекұлы штаб отырысында әрбір жобамен жеке танысып, мемлекеттік қолдау түрлері мен қаланың жоғары мүмкіндіктерін айтып, барлығын зерделеу үшін жетекші сала басшыларына тапсырма берді.