12 жоба таныстырылды

Oinet.kz 29-10-2022 572

image.png 

Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен өткен инвестициялық штаб отырысында  кәсіпкер Дмитрий Таранов жаңа жобасын ұсынды. «AnDa Company» ЖШС басшысы  биофармацевтикалық зауыттың негізін қалағысы келеді.  Жылына 500 000 мың доза вакцина шығаратын қуатты өндіріс ошағын «Тассай» индустриалды аймағынан салуды жоспарлауда. Жобаның құны 1 800 миллион теңге болмақ. Нысан құрылысы 2023-2024 жылдары салынып, сәтті жүзеге асса 35 азамат жұмыспен қамтылатын  болады. Инвестор бұл үшін электр жарығымен, газбен, ауыз су, ағынды су, телефониямен қамтуды сұрады.

«Тассай» индустриалды аймағы Шымкент қаласындағы кәсіпкерлік салаға тың серпін беріп, жаңа кәсіпорындардың көптеп құрылуына мұрындық болып отырғанын айта кетейік. 

Штаб отырысында бұдан басқа аяқ киім, картон қораптарын шығаратын, денсаулық саласына қажетті препараттарды өндіретін, тұрғын үй және коттедж салатын, тағы да басқа ірі 10-нан астам жобалар қаралды.  «Кәсіпорын ашуға ықылас білдірген кәсіпкерлердің барлығына өз тарапымыздан түрлі бағытта қолдау көрсетуге дайынбыз. Қаламызда зауыт, фабрикалардың көптеп салынуы қала экономикасына оң әсерін тигізумен бірге, азаматтарымыз тұрақты жұмыспен қамтылады»,- деген шаһар басшысы әрбірімен жеке танысып, мемлекеттік қолдау түрлері мен қаланың жоғары мүмкіндіктерін айтып, барлығын зерделеу үшін жетекші сала басшыларына тапсырма берді. 

Айтып өтейік жыл соңына дейін дәрілік заттар мен гигиеналық өнімдерді өндіретін өзбекстандық «Dentafill» және шұлық өндірісін дамытатын түркиялық «Ekol Ihracat» зауыттарының лентасы қиылатын болады. 

Сонымен қатар басқосу барысында 35 елден 310 компанияны көшіру мәселелері де қаралды. Қазіргі таңда АҚШ-тың медициналық жабдық өндіретін «GE Healthcare» компаниясымен, тұрмыстық-техникалық жабьдықтар өндірісінің көшбасшысы «Haier» компаниясымен, италияндық «Maire Tecnimont», жапондық «RP Canon Medical Systems» сынды 8 алып компанияларды Шымкентке тарту бойынша келіссөздер жүргізілуде. Шаһар басшысы үшінші мегаполистің импортқа тәуелділігін азайтып, экспортты көбейту бағытында инвестиция тартуды жалғастыра беретінін, сол арқылы жаңадан ашылған жұмыс орындарының қатары көптеп артатынын атап өтті.

Жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдері мен инвесторлар басқосқан жиында жалпы 12 жаңа жобаның таныстырылымы өтті.

Шымкентте жылына 345 миллион жөргек шығаратын зауыт салынбақ
Шымкентте жарықтандыру көрсеткіші 57 пайызға ұлғаймақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу