Шымкентте жылына 10 мың крафт қағаз өндіретін кәсіпорын бар

Oinet.kz 15-10-2022 406

image.png

Үшінші мегаполисте Мемлекет басшысының шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту және қала экономикасын арттыру бойынша берілген тапсырмасының негізінде  «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында картон қағаздарын шығаратын зауыт жұмыс істейді. 

«Shymkent Kagazy» ЖШС  картон қағаздары өндірісі жобасының құны 1,5 миллиард теңге.  Өндіріс ошағында жаңадан 50 жұмыс орны құрылған. Мұнда жылына 3 миллион дана қорап, 10 мың крафт қағаздарын шығаруға мүмкіндік бар. Дайын өнім толығымен ішкі нарықта сатылуда. Қазіргі уақытта 300 мың тонна шикізат сатып алынған.

Сонымен қатар «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында «Хлопкопромцеллюлоза» атты компания жұмыс істеп жатыр. Бұл кәсіпорын – Қазақстандағы мақта целлюлозасының, карбоксиметилцеллюлозаның және полианионды целлюлозаның жалғыз өндірушісі.

2010 жылдан бастап жүзеге аса бастаған жобаға салынған инвестициялардың жалпы сомасы 4 миллиард 480 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі таңда кәсіпорында 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 5 мың тонна мақта целлюлозасын, 6 мың тонна карбоксиметилцеллюлозаны және полианионды целлюлозаны өндіруге жетеді.

Айта кету керек, компанияның өнімдері Ресейге және өзге де ТМД елдеріне сәтті экспортталады және оқ-дәрі өндірісі, мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау, тамақ өнеркәсібі және фармацевтика, сондай-ақ құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруде кеңінен қолданылады.

«Оңтүстік» АЭА аумағы жеңіл өнеркәсіп, химия және мұнай химиясы өнімдерін шығаратын озық өндірушілердің қолайлы мекеніне айналып отыр. Бүгінгі таңда, жалпы құны 53,95 миллиард теңгені құрайтын 26 жоба жүзеге асырылып, 2477 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр.

Дайын өнім әлемнің 15 еліне экспортталып, тұтынушы үшін жоғары сапа және қолайлы баға ара қатынасымен ерекшеленіп, шетелде үлкен сұранысқа ие болып отыр. 

Айта кетейік,  «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы инвестициялық құны 130.4 миллиард теңгені құрайтын 53 жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобалар толық жүзеге асқан кезде 6 198 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Биыл бірінші жартыжылдықта Шымкентте өндірілген жеңілөнеркәсіп өнімдерінің 79,1 пайызы осы аймақтың үлесіне тиесілі. 

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы медицина саласында оң нәтижесін беруде
Саябақтар – қаланың «өкпесі»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу