Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы медицина саласында оң нәтижесін беруде
Шымкентте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Бұл бағытта қалада көптеген нысандар ел игіліліген берілуде. Солардың бірі былтыр тұсауы кесілген 2 мыңға жуық тұрғыны бар Шаңырақ шағынауданында ашылған «Дария-Медикус» алғашқы санитарлық-медициналық көмек орталығы.
Бір ауысымда 550 кісі қабылдай алатын емханада алғашқы медициналық-санитарлық, консультативті-диагностикалық, күндізгі стационар, физиотерапия, оңалту секілді көмек түрлері көрсетіледі. МРТ, КТ, рентген, маммография және өзге де заманауи, автоматтандырылған үлгідегі медициналық құрал жабдықтар орнатылған.
Реабилитациялық бөлімше сұранысқа ие және өзекті бағыттар бойынша, атап айтқанда пульмонология, кардиология, неврология, травмотология, ортопедия және пассивті, биологиялық кері байланысы бар интеллектуалдық жүйелермен жабдықталған. Науқастарды қолдау қызметі мен аудиттің белсенді жұмысы халыққа медициналық жәрдем беру сапасын, қол жетімділігін бақылауға мүмкіндік береді.
Жалпы үшінші мегаполисте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік медицина саласында да оң нәтижесін беруде. Мұндай кешендер қала аумағын медициналық қызметтермен толық қамтуға мүмкіндік береді. Бүгінде мегаполис еліміздің медицина орталығына айналу мүмкіндігіне ие. Ол үшін денсаулық сақтау мекемелерін медициналық өндіріс орындарымен байланыстыра отырып, білікті кадрлар дайындау мәселесіне аса көңіл бөлінбек.
Бұл медициналық орталық іргелес жатқан Шаңырақ, Базарқақпа, Абдулабад, Тұрдыабад, Бадам-1, тұрғын алаптарының 25 мыңдай тұрғынына да қызмет көрсетуде. Емхана Шаңырақ шағынауданы 249-жер телімінде орналасқан.
Айта кетейік, Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік - экономикалық дамуға инвестицияларды тартудың маңызды құралы болып табылады. МЖC-тің негізгі мақсаттары: инфрақұрылымды және халықтың өмірін қолдау жүйесін дамыту үшін мемлекеттік серіктес пен жеке серіктестің ресурстарын біріктіру арқылы мемлекет экономикасына инвестицияларды тарту; халықтың, сондай-ақ басқа да мүдделі тараптардың мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің қолжетімділігі мен сапасының деңгейін арттыру болып табылады.