«Рахат-Шымкенттің» өндіріс ауқымы кең
«Рахат-Шымкент» ЖШС мегаполистегі ірі кәсіпорындардың бірі болып саналады. Шымкентте компанияның өнімдері ең алғаш 2001 жылы шығарылды. Содан бері өндіріс орнының аясы кеңейіп, бүгінде мұнда 7 түрлі тәтті өнімдер 52 атаумен ішкі-сыртқы нарыққа жөнелтілуде. Жылына 24 мың тонна өнім өндіретін кондитерлік фабрика өнімдерінің көлемі соңғы жылдармен салыстырғанда 20 пайызға өскен.
Осыдан екі жыл бұрын фабрика Шымкентте қантты күлше шығаратын жаңа өндірістік желіні іске қосты. Өндірістік желіні іске қосу үшін 3,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Мемлекеттік «Өндіріс» бағдарламасы арқылы компанияға жылдық мөлшерлемесі 6 пайыздық жеңілдікпен 2,6 миллиард теңге несие берілген. Қала әкімдігінің қолдауымен жұмыс бастаған фабрика өндіріске қажетті қондырғыларды Италиядан алдырыпты.
«Италиялық жаңа қондырғы сарымайдан жасалатын күлшемен бірге оның қамыры майда құм секілді болып келетін түрін шығаруға мүмкіндік береді. Жаңа күлшенің ортасындағы тәтті жұмсағы жемістерден жасалған тосап немесе шоколадты крем болуы мүмкін. Ресейде бұл өнім кең таралған. Ал Қазақстанда тұңғыш рет біздің фабрикада шығарылмақ. Жаңа қондырғы Polin деп аталады. Ол әлем бойынша кондитерлік өнімдер шығаратын ең үздік өндірістік желінің қатарына кіреді. Оның бірден-бір артықшылығы, табиғи газбен де жұмыс істей береді және өнімділігі өте жоғары. Мәселен, печенье өндірісінде сағатына 2 мың тоннаға дейін өнім шығара алады»-, деді серіктестік директоры Жұлдыз Рахипбекова.
Шымкенттік өнімдер бүгінде ішкі нарықтан бөлек көршілес Ресейге, Украинаға, Орталық Азия мемлекеттеріне, тіпті Германияға экспортталуда. Фабриканың қала экономикасына қосар үлесі зор болып тұр. Біріншіден, қосымша инвестиция тартылды. Екіншіден, жаңадан қаншама тұрақты жұмыс орны ашылды. Үшіншіден, кәсіпорын өнімдерін шетелге жөнелту арқылы табысы ұлғаяды, сонымен бірге мемлекеттік бюджетке түсетін салықтың кіріс бөлігі де артады. Бұл өз кезегінде елдегі көптеген әлеуметтік мәселенің оң шешім табуына жұмсалатын болады.
«Рахат» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Пак Гюн Ельдің мәлімдеуінше, тәттілер өндіретін өзіміздің «Рахат» фабрикасы оңтүстіккореялық Lotte компаниясының құрамына кіретін 9 елдегі кондитерлік кәсіпорындар ішінде өндіріс ауқымы мен табысы жағынан бірінші болып тұр екен.