Үшінші мегаполистің ауасы тазарып келеді
Еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту мемлекеттің алға қойған басым міндеттерінің бірі. Қоршаған ортаны ластамау, оған зияныңды келтурмеу және жанашырлықпен қарау – бұл әр адамның санасына байланысты. Әйтсек те экосана деп қарап отыруға әсте болмас. Себебі ереже, заң бар жерде тәртіп те, тазалық та болады. Айталық бұған дейінгі еліміздің экологиялық кодексінде экологиялық заңнаманың бұзылғаны үшін айыппұл санкциялары көбейтіліп көрсетілді. Мысалы, кей жағдайларда әкімшілік айыппұл қоршаған ортаға тиген залал ретінде қарастырылды. Соның нәтижесінде ірі өндіріс орындары экология мәселелеріне назар аудара бастады.
Мұндай заң Шымкент қаласында да экологиялық ахуалды түзетуге септігін тигізіп жүр. Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің басшысы міндетін атқарушы Е. Қозыбаевтың айтуынша өткен жылы жалпы 44 тексеру жүргізіліп, жалпы сомасы 14 млн теңгеден астам 199 әкімшілік айыппұл салынған. Сондай-ақ қоршаған ортаға келтірген залалды өндіру үшін жалпы сомасы 64 млн 531 мың теңгеге 58 нұсқама беріліп, 56 нұсқамаға қатысты 16 млн 520 мыңнан астам теңге өндірілген.
2021 жылы «Ғарыш сапары» акционерлік қоғамының ғарыштық мониторинг арқылы қала аумағында бей-берекет қоқыс үйінділерінің 47 координаттық нүктелерін анықтаған. Бүгінгі күнге, аудан әкімдіктері тарапынан бұл орындар толық тазаланды дейді маман.
Департамент жобаларды қарау кезінде қоршаған ортаға эмиссияларды қысқартуды, ескі технологияларды жаңғыртуды және тиімді табиғат қорғау іс-шараларын енгізуді талап етеді.
2021 жылы «Шымкентцемент» АҚ шығарындыларды 7000 тоннадан 5000 тоннаға дейін, «Стандартцемент» ЖШС 8600 тоннадан 5000 тоннаға дейін түсірген.
Қала бойынша статистикалық мәліметке сәйкес 2018 жылдан бастап тұрақты көздерден ауаға шығарындылар көлемі төмендеуі байқалған: 2018 жылы 33,4 мың ластаушы заттар тасталса, 2019 жылы – 29,7 мың тонна, 2020 жылы – 29,5 мың тонна.
Президент бес жыл ішінде 2 млрдтан астам ағаш көшеті орман қоры жерінде және 15 миллион - елді мекендерде отырғызу туралы тапсырма бергені мәлім. Департамент бұл іс-шарадан қалыс қалмай, қала аумағын көгалдандыруға табиғат пайдаланушыларды жұмылдырып, өткен жылы қаланың жасыл белдеу аумағына 11 мыңнан астам көшет отырғызған.