Табиғатты қорғауға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайып келеді
Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан табиғатты қорғау іс-шаралары мен жоспарларға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайып келеді. Бүгінде қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының тапсырмасымен қалада экологиялық мониторинг жүйесін жетілдіруде ауаны автоматты бақылайтын 10 станса қойылған. Сонымен қатар, «Қазгидромет» мекемесі атмосфералық ауаның жай-күйі жөнінде халықты хабардар етуі үшін Қонаев даңғылы мен Бәйтереков көшесінің бойында 2 LED экран орнатылған.
2021 жылдың басында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі мен Шымкент қаласының әкімі арасында бекітілген «Шымкент қаласының экологиялық мәселелерін кешенді шешу бойынша жол картасы» аясында елді мекендерді газдандыру, қоғамдық көлікті газ отынына ауыстыру, қоқысты қайта өңдеу, қаладағы жел бағытын зерттеу және көгалдандыру жұмыстары басты назарда тұр.
Қазіргі таңда қалада Ақтас-1 елді мекеніндегі полигон жанынан қатты тұрмыстық қалдықты энергетикалық кәдеге жарату кәсіпорнын ашу жұмыстары қолға алынуда. Қалалық экология департаменті мамандарының айтуынша, бұл мақсатта полигонның жанынан арнайы жер бөлінген. Жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр. Ал тұрмыстық қалдықты сұрыптап жинау үшін аудан әкімдіктері жыл соңына дейін 125 контейнер сатып алуды жоспарлап отыр.
Қала әкімі шаһардың экологиялық жағдайын жақсарту, өндіріс, құрылыс қалдығын жою, жасыл желек қорын ұлғайту, тазалық сақтауда қоғамдық сананы өзгерту бағыттары бойынша сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Қазіргі уақытта қаланың жасыл белдеуін қалыптастыру, көгалдандыру бағытындағы мәселелер кезең-кезең бойынша шешімін табуда. Кептелістерді болдырмау мақсатында арнайы жолайрықтар салынып, қоғамдық көліктердің барлығы табиғи газға көшуде.
Шымкент – өндірісі дамыған шаһар. Ендігі ретте қалада кәсіпкерлерге, табиғат пайдаланушыларға қойылар талап күшейіп келеді. Қаланың экологиясын жақсартуда кешенді іс-шаралар кезең-кезең бойынша жүзеге асырылады.