Экологиялық проблемаларды шешуге тұрғындар да ат салысуда
Қазіргі таңда әлемдік экологияның жағдайы бүкіл жаһан жұртын алаңдатып отырғаны анық. Ондағы сын-қатерлерге қарсы тұру, күрделенген мәселені шешу барша адамзаттың ортақ шаруасы.Осы ретте шымкенттік тұрғындар қоршаған ортаның қауіпсіздігі мен тазалығы тек сала мамандарының міндеті деп қарамай өздері де экологиялық проблемалардың шешілуіне ат салысуда.
Шымкент қаласы бойынша экология департаменті мамандарының мәлімдеуінше, тұрғындардың, мемлекеттік мекемелердің талап-арызы негізінде жүргізілген зерделеу жұмыстары бойынша бірқатар мәселелер оң шешімін тапқан. Сарқынды судың жерге төгіліп жатуы жөніндегі хабарламаға сәйкес, «Хлопкопром-Целлюлоза» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Қазіргі таңда кәсіпорынның сарқынды суы орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылып, мәселе оң шешілді.
Бадам-2 елді мекенінің тұрғындары ішек-қарынды шаю барысында түзілген сарқынды судың жер бедеріне төгілуін тоқтату жөнінде талап-арыз берген. Бұл мәселе бойынша жеке кәсіпкердің қызметіне тексеру ұйымдастырылып, нәтижесінде кәсіпкер тарапынан сарқынды суға арналған септиктер орнатылған. Жалпы қалада рұқсатсыз жұмыс істеген немесе рұқсатында көрсетілмеген қосымша ластау көздері бар, экологиялық талаптарды бұзған 9 кәсіпорынның жұмысы тоқтатылған. Олардың қатарында қорғасын қалдықтарын өңдеу, металл өңдеу және құю зауыты, ішек-қарын өңдеу, сабын өндіру және тас майдалау цехы бар.
Сонымен бірге, қалада ғарыштық мониторинг арқылы бей-берекет қоқыс үйінділерінің 45 координаттық нүктесі анықталып, қоқысты аудан әкімдіктері толық тазалады.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы бойынша экология департаменті зертханалық-талдамалық бақылау жұмыстары бойынша да бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізген. Түнгі уақыттағы ауа сапасына зерделеу бойынша күнделікті кезекшілік жұмыстары ұйымдастырылған. Бұл орайда әкімдікпен бірлесе жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы ауаның құрамындағы зиянды заттардың мөлшерден қаншалықты асқанын немесе аспағанын бағамдап, қадағалайды. Жыл басынан бері қала аумағында экстремальді және жоғары ластану фактілері тіркелмеген.