Мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдалана білді
Шымкент қаласында жаңа бизнес идеясын іске асыруға қайтарамсыз грант алғандардың бірі - Жеңіс Мырзабаев. Еңбекші ауданының тұрғыны былтырғы жылдың сәуір айында 583 400 теңге көлемінде мемлекеттін берілген өтеусіз қаржыға қол жеткізген.
Ол бала күнінен техника тілін жақсы түсінгендіктен, өз саласын көлік жөндеу ісімен байланыстырған. Мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, кәсіпкерлікке ден қойған азаматтың, қазір тұрақты клиенттері бар. Енді бұл шағын бизнесін ары қарай да ұлғайтуға ниетті.
«16 жыл бойы өз көлігімді басқарып жүріп көлік жөндеу саласын үйреніп алдым. Соңғы жылдары өзімнің көлік жөндейтін орталығымды ашсам деген ойым болды. Әрине идея бар, жоспар бар бірақ оны бастауға қаражат болмады. Сұрастыра келе мелекеттік бағдарлама арқылы грант алуға болатынын білдім. Ақыры тәуекелге бел буып, жобаға қатысып өз ісімді бастап кеттім. Болашақта осы саланы әрі қарай дамытып қосымша жұмысшылар алып, орталығымды кеңейтсем екен деймін. Осындай кәсіп бастауға демеу болған жандарға алғысымды айтамын. Тұрғындарға айтарым кәсіп бастаудан қорықпаңыздар. Қай іске ебіңіз бар, қай іспен айналысуды сүйесіз, соны жүзеге асырыңыздар»,- дейді кәсіпкер.
Айта кетейік, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы грант қаражаттары бұрын мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде грант алмаған бағдарламаға қатысушылар, оның ішінде жастар, көпбалалы және табысы аз отбасылардың мүшелері, еңбек етуге қабілетті мүгедектер, сондай-ақ қоныс аударушылар мемлекеттік гранттар алуға үміткер бола алады. Сондай-ақ «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қайтарымсыз қаржыға - бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде оқуды аяқтаған жандар қатысады. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша оқу дегеніміз– әртүрлі мамандыққа, мысалы: шаштараз, аспазшы, жихаз құрастырушы, дәнекерлеуші сияқты мамандықтарға қысқа мерзімді курстардан өту.