Жалдамалы жұмысшыдан кәсіпкерге айналды

Oinet.kz 23-10-2022 810

image.png

Үшінші мегаполисте кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында өз кәсібін ашқан тұрғындардың қатары көбеюде. Бұл өз кезегінде шаһардың шағын және орта бизнесінің өркендеуіне, кәсіпкерлік субъектілерінің көбеюіне септігін тигізуде. 

Қайтарымсыз гранттың иегері атанып, өз кәсібін ашқан азаматтың бірі – шымкенттік Ақылбек Бейсенов.  Ол өз бизнес-жобасын комиссияға ұсынып, оң нәтиже алған соң, 2021 жылы 583 400 теңге көлемінде мемлекеттен өтеусіз қаржы алып – жиһаз цехін ашқан.  Қазіргі таңда өз үйінің ауласында жиһаздың сан түрін жасап жатқан шеберге жүгінушілер көп. Ал өнімдер өз қаламызда дайындалатындықтан тұрғындарға қолжетімді бағада саудалануда.  Жоқтан бар жасап, кәсіптің көзін тапып, отбасын асырап отырған азаматтың бұл ісі көпке үлгі.

«Үш жыл  осы сала бойынша жалдамалы жұмысшы болып жұмыс істеп жүріп, жиһаз жасаудың қыр-сырын меңгере бастадым. Содан осындай жиһаз жасау цехын үйімнің жанына ашсам деген мақсат пайда болды. Содан мемлекеттің осындай қолдауы бар екенін естітіп, бизнес жоспарымды жасап, грант алуға өтініш бердім. Нәтижесінде грант ұтып алдым. Ол қаражатқа жиһаз жасауға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Цехты өз үйімнің жертөлесінен аштым. Қазіргі таңда жұмсақ жиһаздар жасаймын. Кейде тапсырысқа қарай ескі жиһаздарды өңдеп беремін. Болашақта кәсібімді кеңейтіп күрделі жиһаздардың түр-түрін жасап, қосымша жұмысшыларды алуды көздеп отырмын. Өз кәсібін бастай алмай жүрген жандарға қорықпаңыздар, еңбек етіңіздер және мемлекеттің қолдауын игі істерге пайдаланыңыздар дегім келеді»,- дейді кәсіпкер. 

Айта кетейік, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы грант қаражаттары бұрын мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде грант алмаған бағдарламаға қатысушылар, оның ішінде жастар, көпбалалы және табысы аз отбасылардың мүшелері, еңбек етуге қабілетті мүгедектер, сондай-ақ қоныс аударушылар мемлекеттік гранттар алуға үміткер бола алады. Сондай-ақ «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша  қайтарымсыз қаржыға - бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде оқуды аяқтаған жандар қатысады. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша оқу дегеніміз– әртүрлі мамандыққа, мысалы: шаштараз, аспазшы, жихаз құрастырушы, дәнекерлеуші сияқты мамандықтарға қысқа мерзімді курстардан өту. 


Экологияға тиімді жоба ұсынылды
Мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдалана білді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу