Экологияға тиімді жоба ұсынылды
Шымкент қаласында көмірқышқыл газын қайта өңдейтін кәсіпорын салынады. «РЕТ» ЖШС-нің өкілі көмірқышқыл газын қайта өңдейтін зауыт жобасын ұсынған болатын. Жоба құны – 3,5 миллион АҚШ долларын құрайды. 2023 жылға жоспарланған жоба тәулігіне 40 тоннадан астам көмірқышқыл газын қайта өңдеуге қауқарлы. Шымкент қаласында қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру үшін аталған жобаның іске асырылуына қала әкімдігі барынша қолдау көрсетпек.
Жаңа өндіріс Шымкент қаласының экологиялық жағдайына оң әсерін тигізеді, сонымен бірге тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. Шымкентте соңғы жылдары адам саны өсіп, сонымен бірге автокөлік саны да артқан. Әрбір көліктен ортаға көмірқышқыл газы бөлінетіні белгілі. Бұл газдар қала экологиясын нашарлатып, адам денсаулығына кері әсер етеді. Шымкент қаласында 250 мыңнан астам автокөлік тіркелген, оның ішінде 87,4 пайызы бензинмен, 5,5 пайызы дизельдік отынмен, 7,1 пайызы газбен жүреді.
Осы орайда қала экологиясын жақсарту мақсатында зауыт салу құптарлық іс. Атмосфераға көмірқышқыл газының техногендік түсуінің негізгі көзі түтін газдары болып табылады. Түтін газдарын залалсыздандырудың бір әдісі - олардан көмірқышқыл газын алу. Көмірқышқыл газы тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданылады.
Шымкент қаласының негізгі экологиялық мәселелерінің бірі –атмосфераның ластануы екені рас. Ауаны ластаушылар – қала аумағында орналасқан ірі кәсіпорындар, автокөлік және қатты отында жұмыс істейтін қазандықтар.
Қазіргі таңда Шымкентте 8 саябақ, 39 гүлзар бар. Олардың барлығына шаһар тіршілігін қамтамасыз ететін арнайы мекеме қызметкерлері күтім жасайды. Бұдан бөлек, қаланың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында 2025 жылға дейін үшінші мегаполисте 23 гүлзар, 4 саябақ салынады.