«Бизнес бастау» жобасы арқылы кәсіп ашты
2021 жылы қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында түрлі бағытта жобалар кешені әзірленді. Соның бірі - Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы.
Аталған жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, жаңа нишаларды қалыптастыруға, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталып отыр.
Былтыр нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мерзімі аяқталған болатын. Осыған орай, Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын жүзеге асыру қолға алынды. Аталған мемлекеттік бағдарламасының арқасында жұмыссыздар саны азайып, кәсіп ашқандардың саны артып келеді. Олардың қатарында аталған бағдарлама шеңберінде арнайы курстарда оқып, 200 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грантты жеңіп кәсіп ашқандар бар. Мемлекеттік грантқа қол жеткізген Шымкент қаласының тұрғынының бірі - Севдиор Ихтиярұлы. Ол қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, 21 күндік «Бизнес бастау» кәсіпкерлік негіздерге оқытуға жолдама алған. Оқу аяқталысымен, қолындағы сертификатымен биыл мемлекеттік грантқа өтінім беріп, «құймалы балмұздақ» ісі бойынша бизнес жоспарын әзірледі. Нәтижесінде комиссия жобасын мақұлдаған. 583 400 теңгелік грантқа қол жеткізіп, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Бүгінде күніне 200-ден астам дана балмұздақ сатып, ісін дөңгелетіп отыр.
- Шымкенттің ыстық маусымында балмұздақ сату тиімді іске айналып отыр. Қала тұрғындарының да сұранысы артып, мемлекеттен алған қаражатқа шағын құймалы балмұздақ сататын дүкен аштым. Алдағы уақытта ісімді кеңейтемін деген ойдамын, -дейді 28 жастағы бағдарлама қатысушысы.
Кәсіпкерлікке баулитын «Бизнес бастау» жобасы Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асырылып отыр. Ал аталмыш бағдарлама жұмыссыздықты азайту және монополист компанияларға бәсекелестік тудырып, нарықтағы бағаларды төмендету және кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ұйымдастырылған. «Бизнес Бастау» жобасы нақты жұмыссыздарға және кәсіпкерлікті енді бастаған жандарға арналған.